Мәскеу орталығында полиция жүздеген адамды ұстады

0

Бүгін, 27 шілдеде Мәскеу қаласы орталығында тәуелсіз кандидаттарды қалалық дума сайлауына жібермеуіне байланысты қарсылық акциясы өтті. Полиция мен Росгвардия сарбаздары «рұқсат етілмеген акция» орнында ары-бері өткен тұрғындарды ұстаған. Полиция қызметкерлері Тверь көшесі бойындағы тротуарлардың бір бөлігін жауып, маңын қоршаған.

Ақпарат құралдарының жазуынша, полицейлер журналистерден басқасының бәрін ұстау туралы бұйрық алған. «ОВД-Инфо» дерегі бойынша, ұсталғандардың саны түстен кейін 200-ден асқан.

Азаттықтың Орыс редакциясы тікелей эфирде хабар таратты:

Бүгін сайлауға қатысуға тіркеле алмаған бірнеше тәуелсіз кандидаттың да ұсталғаны белгілі болды. Олардың арасында Жемқорлықпен күрес қорының директоры Иван Жданов, оппозициялық саясаткер Дмитрий Гудков, үміткер Юлия Галямина да бар. Илья Яшин бұған дейін ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Акциядан бұрын бірқатар оппозициялық саясаткерлер үйінде тінту болған. Шараны ұйымдастырушылар Мәскеу тұрғындарының жергілікті мәслихатқа үміткерлермен кездеспек болғанын, полицияның бұған кедергі жасағанын айтып отыр.

Бұған дейін ондаған оппозициялық және тәуелсіз кандидаттар саяси себеппен өздерін Мәскеу қалалық дума сайлауына жібермей отырғанына шағымданған еді. Олардың басым бөлігінің айтуынша, сайлау комиссиясы оларды қолдайтын азаматтардың қолын тіркеуден бас тартқан.​

  • Мәскеу қалалық думасына сайлау 8 қыркүйекте өтеді. Бір мандаттық округ бойынша барлығы 45 депутат сайланады. Парламентке енбеген партияға мүше адамдар сайлауға қатысу үшін бірнеше мың сайлаушы қолын жинауы керек.
  • Кейбір дерекке қарағанда, рейтингісі төмен болуына байланысты «Единая Россия» депутаттарын сайлауға ұсынбаған. Олар өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде сайлауға қатыспақ.
  • Сайлауға тіркеле алмаған тәуелсіз кандидаттар арасында мәскеулік депутаттар Илья Яшин, Юлия Галямина, Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Любовь Соболь, Иван Жданов, саясаткерлер Дмитрий Гудков, Сергей Митрохин бар.​
Оқи отырыңыз: Мәскеудегі митингіде сайлауға тәуелсіз кандидаттарды жіберуді талап етті

Azattyq