марқұм полицейдің әйелі алғаш рет қайғылы оқиға жайлы айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Ал 26 жастағы күдікті Азат Азаматовтың анасы ұлының мас болып көлікке отыруы мүмкін емес екенін айтады

АЛМАТЫ, 4 маусым – Sputnik. Алматыда блок бекетте қайтыс болған 26 жастағы полиция қызметкері Дастан Әбдіқановтың әйелі мен анасы жол-көлік оқиғасына кінәлінің өмір бойына жазаланғанын қалайды. Бұл жайында «КТК» телеарнасына хабарлады.

Марқұмның жақындары апат болған күнді еске алды. Айтуынша, қаза тапқан азамат пен күдікті дос болмаған. Тек, бір рет ауысымға бірге түскен. Алайда сол күні блок бекетте не болғаны белгісіз. Ал марқұмның туыстары шындықты анықтауға тырысып жатыр.

Дастанның әйелі сол күні жолдасын жұмысқа шығарып сала алмағанын айтты.

«Күйеуіммен қоштасып та үлгермедім, себебі ол күні мен үйде болған жоқпын, айттың кезі болатын. Бізге қонақтар келді, біз де оларға қонаққа бардық. Шығарып сала алмадым. «Мен таңертең келемін. Бірнеше сағат ұйықтап алған соң екеуміз балаға памперс пен киім сатып алып, массажға апарамыз. Әрі қарай айттап қайтамыз. Туыстардың үйіне барамыз» деп айтты. Осындай жоспарымыз болды», – дейді Динара Аман.

Динараның айтуынша, күйеуі жанжалды ұнатпайтын кісі болған.

«Жанжал, ұрыс-керісті ұнатпайтын, ешкіммен ерегіспейтін адам болды. Қандай жағдайда да шындыққа қол жеткіземін», – деді ол.

Ал Дастан Әбдіқановтың анасы Жанатгүл Әбірова кінәліге әділ жаза қабылдануын талап етеді.

«Үш отбасын ойран етті. Қаншама баланы болашақтан айырды. Қаншама ата-ана, әйел жылап қалды. Бұл үлкен трагедия, менің ұлым енді жоқ. Ол (күдікті – Sputnik) тамақ ішіп, ұйықтап, өмір сүреді. Мен әділ жаза қабылданғанын қалаймын. Қатаң түрде жазаласын», – деді марқұмның анасы.

Ал 26 жастағы күдікті Азат Азаматовтың сол күні қайда бет алғанын анасы да, туыстары да білмейді. Күдіктінің анасы ұлының мас болып көлікке отыруы мүмкін емес екенін алға тартты.

«Менің балам ішпейді, темекі тартпайды. Сенбеймін. Қасақана кісі өлтіру деп ойламаймын. Ешкім олай ойламайды», – деді күдіктінің анасы.

Блок бекеттегі трагедия

25 мамырда Алматы маңында Көксай шағын ауданындағы Жаңа ғасыр мен Қожабеков көшесінің қиылысындағы №4 блок бекетте BMW автокөлігінің жүргізушісі алдымен блок бекет қоршауына, содан кейін екі полицей отырған патрульдік көлікке соқтығысқан. Жан түршігерлік жол апатынан екі полицей көз жұмды. Көлік ішінде болған 42 жастағы Жарас Жанғазиев оқиға орнында тіл тартпай кетсе, 26 жастағы екінші полицей Дастан Әбдіқанов ауруханада есін жимастан қайтыс болды.

Сараптама нәтижесінде ережеге бағынбаған күдіктінің ішімдік ішкені расталды. Ол Алатау ауданының тұрғыны болып шықты. Ол алты жыл ішкі істер органдарында қызмет еткен. Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов оның төрт рет сөгіс алып, қызметінен босатылғанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Блок бекетте шын мәнінде не болғаны жұртқа жария етіледі – полиция бастығы

Оның үстінен екі және одан да көп адамды өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Оқиға салдарынан зардап шеккен тағы бір полицей қазір ауруханада ауыр халде жатыр.



sputniknews.kz