Мақтаарал ауруханаларында COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастар жоқ

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Көршілес Жетісай ауданы COVID-19 инфекциясының ошағы болғандықтан, көпшілікті қазіргі таңда осы сауал алаңдатып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр – Sputnik. Мақтаарал ауданының ауруханаларында COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастар жоқ, деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Мақтаарал ауданындағы су тасқыны барша жұртты алаңдатып отыр. Қазіргі таңда аталған аймақта 4 елді мекеннен 5 400 адам эвакуацияланды.Тұрғындардың біразы туыс-туғанына кетсе, үш мыңға жуығы Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі 10 мектепке орналастырылды. Азық-түлік, ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді», – делінген хабарламада.

Көршілес Жетісай ауданы COVID-19 инфекциясының облыстағы бір ошағы болғандықтан, көпшілікті қазіргі таңда осы сауал алаңдатып отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жетісай ауданындағы инфекциялық ауруханада 32 адам ем алып жатса, Мақтаарал ауданының ауруханаларында бірде-бір науқас жоқ.

Дәрігерлер қазіргі таңда эвакуацияланған халықты індеттен сақтау бойынша барлық шараны қолға алды. Халыққа антисептик, бетперде, қолғап тегін таратылып, әр азаматтың дене қызуы тепловизормен тексерілуде.

Сырдарияда бөгет бұзылды

1 мамыр таңғы сағат 05:10-да Сардоба су қоймасы бөгетінің төменгі бөлігі шайылып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысы Сардоба ауданының аумағында су жайылған.

Негізгі су ағынын азайту үшін өзбек тарапы суару каналдары желісіне шлюзді ашты. Осыдан соң Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекара коллекторлары толып кетті, бұл судың каналдан шығып, Жеңіс және Жаңа Тұрмыс елді мекендерін басып қалуына әкеп соқтырды.

Еске сала кетейік, Өзбекстанның Сырдария облысында су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы салдарынан екі бала көз жұмды, 56 адам түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға түсті.

Бөгеттің бұзылуы салдарынан елді мекендерге, коммуникациялар желілері мен ауыл шаруашылығы жерлеріне үлкен шығын келді. Тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды су басты.

Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ағынды су канал арқылы Арнасай көліне ағызылды. Бөгет бұзылған жерде жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.   

Су қоймасы маңында тұратын 70 мыңға жуық адам қауіпсіз аймақтарға эвакуацияланды. Эвакуацияланған адамдар тамақпен, дәрі-дәрмекпен, демалуға арналған орындармен қамтамасыз етілді.

Оқиға орнына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев келді, үкіметтік комиссия құрылды.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз