«Малша сүйреді». Финляндия қазағы маусымдағы шеру жайлы

0

65 жастағы Әйкен Салонен Талғарда туып, 1990 жылдары Мәскеуде «тарихшы-археолог» мамандығы бойынша оқып жүргенде финляндиялық азаматпен тұрмыс құрған. Қазір сол елдегі Турку шаһарына жақын Лоимаа қаласында тұратын Әйкен мамырдың 31-і күні аталып өтетін «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» рәсіміне қатысу үшін Алматыға келгенін айтады. Оған Швейцарияда тұратын Серік Тұрсын есімді азамат та ілесе жеткен.

«МАЛ СИЯҚТЫ СҮЙРЕП ӘКЕТІП ЖАТТЫ»

Биылдан бастап Еуропа қазақтарының кейбірі Қазақстандағы ашаршылық пен қуғынға ұшыраған азаматтарды еске алу күніне арнайы келіп, құрбандардың рухына тағзым етуді жоспарлаған.

— Алматыда бір айға жуық уақыт болдым. Маусымның 9-ында не болар екен деп алаңға Талғардан арнайы келдім. Көз алдымда қарт кісілер мен әйел адамдарды мал сияқты аяқ-қолынан ұстап сүйреп әкетіп жатты. «Оны не үшін алып бара жатырсыз? Неге алып кеттіңіз?» деген сұрақтарға ешкім жауап бермеді. Бұл біз секілді Еуропада, демократиясы дамыған елдерде тұратындар үшін өте жаман әсер етті. Шынын айтқанда жүрегіміз қан жылайды, — дейді Әйкен.

Арнайы жасақтың наразыларды ұстауы. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Финляндия қазағы наразылық жиындарының өзі тұратын елде де жиі өтетінін, бірақ сипаты басқа екенін айтады. Ол Алматыда жиналған жұрттың арасында жай киімді кейбір адамдардың өктем нұсқау біріп, полицияға ұстайтын жастарды көрсетіп жүргеніне куә болып, қатты таңырқаған.

Мамырдың 9-ында Алматыда жүздеген адам кезектен тыс президент сайлауына қатысты саяси көзқарасын білдіріп, бейбіт наразылық шарасын ұйымдастырмақ болған. Полиция белсенділерді жаппай қамаған. Әйкен митинг өте сала Лоимаадан күйеуінің хабарласып, жағдайын сұрағанын айтады.

— Бір-екі сағатқа жеткен жоқ, жолдасым хабарласып «Амансың ба?» деді. «Жайшылық па?» деп едім, «Жаңалықтардан Алматыда адамдарды ұстап алып кеткенін айтып жатыр. Сен арасында кетіп қалған жоқсың ба?» деп сұрады. Сол кездің өзінде-ақ Қазақстандағы жағдай бүкіл әлемге тарап жатты. Дамыған 30 елдің қатарында боламыз деп жүрген Қазақстан үшін масқара жағдай болды. Шындығында демократиясы жолға қойылған кез-келген елде тұрғындар жиналып пікірін айтуға хақылы. Бірақ Қазақстанда барлығының ауызын байлап тастаған, — дейді ол.

«ЖАУАП ТАППАЙ ҚИНАЛДЫМ»

Мамыр айына дейін Турку қаласындағы музейде қызмет істеген Әйкен Астана атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгертілген кезде кейбір әріптестерінің бұл жайлы таңырқай сұрағанын, кейбірінің мысқылдай қарағанын еске алады.

— Жауап таппай қиналдым, — дейді ол.

Бұл оқиғадан соң Әйкен Соланен демократиялық құндылықты сақтауды және ұсталған адамдарды босатуды талап етіп Қазақстан президенті Тоқаевтың атына ашық хат жазған Еуропада тұратын қазақтардың бастамасына қосылған.

Финляндияда тұратын қазақ Әйкен Салонен.

Финляндияда тұратын қазақ Әйкен Салонен.

Алматыға жыл сайын келіп-кететін финляндиялық қазақ тарихи отанындағы әлеуметтік жағдай мен Астанадағы «аналар митингісінен» хабардар болып шықты. Әйкен қазақстандық банк жүйесіндегі несиелердің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары екенін айтып бас шайқайды.

— Финляндия – Еуропадағы ең қымбат елдердің бірі. Бірақ бұл жақта банк несиесінің пайыздық мөлшерлемесінің ең жоғарғы шегі 4,5 — 5 пайыз. Оның өзі жеке көлік алатындар үшін. Ал баспана немесе жастардың оқуы үшін берілетін кредиттің пайыздық мөлшерлемесі екіден аспайды, — дейді ол.

Мамандығы тарихшы болғанымен ұзақ уақыт аудармашы болып жұмыс істеген Әйкен кейін Туркудағы музейге келушілерге Қазақстан тарихы туралы көп әңгімелеген. Ол Турку университетінің Қазақстан тарихы туралы студенттерге лекция оқуға шақырғанын, «Берел» қорғаны туралы дәріс оқығанын мақтанышпен айтады. Бірақ әңгіме ауаны Қазақстанның қазіргі саяси тарихына бұрылған кезде оның тілі еріксіз күрмеледі.

Әйкеннің сөзінше, Финляндияда 15-ке жуық қазақ отбасы бар. Олардың басым бөлігін сол елдің азаматына тұрмысқа шыққан қазақ әйелдер құрайды. Көпшілігі ел астанасы Хельсинкидің маңына шоғырланған. Финляндиялық қазақтар «Орталық Азия халықтарының орталығын» құрып, наурыз мейрамын атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Azattyq