М.Әшімбаев стратегиялық маңызы бар үш бастаманы атап көрсетті

0

М.Әшімбаевтың сөзіне қарағанда, Тәуелсіздік жылдарында қабылданған стратегиялық мәні зор бастамалардың бірі – Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы. Сонымен қатар ел үшін маңызды, ауқымды бағдарламаның бірі – ел орталығын Астана қаласына ауыстыру. «Бұл сол кезеңдегі өте батыл қадам болды. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін ауыр тиді. Экономикалық, саяси, әлеуметтік салаларда дағдарыстарға тап болдық. Жалақы төленген жоқ, жұмыс орындары қысқартылып жатты.

Осындай жағдайға қарамастан Елбасы «Болашақ» бағдарламасымен бірге ел орталығын Ақмола қаласына ауыстыру туралы шешім қабылдады. 20 жыл өткен соң осы қадамның экономикалық дамуға, әлеуметтік және саяси мәселелерге оң әсер етіп, елдің аяққа тұруына көп үлес қосты», деді М.Әшімбаев. Сондай-ақ Партия Төрағасының бірінші орынбасары елорданы ауыстыру еліміздегі солтүстік өңірлердің дамуына, инфрақұрылымның нығаюына жағдай жасап, жаңғыру бағдарламасының арқауына айналды.

Бұдан бөлек Астана қаласының әлемдік мәселелер талқыланатын халықаралық алаңға айналғанын атап өтіп, кейінгі кезде атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, Астана мысалын мемлекеттік басқарудағы таптырмас кейс ретінде оқытуға лайық. М.Әшімбаев үшінші стратегиялық қадам ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын атап көрсетті. Оның айтуынша, қоғамдық сананы жаңғыртудың мемлекет қалыптастырудағы маңызы зор.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»