«Лукойл» мен «ҚазМұнайГаз» жер қойнауын бірігіп зерттемек

0

Компаниялар Қазақстан аумағындағы кейбір учаскелердегі зерттеу жұмысын бірігіп жүргізуге ниет танытып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек — Sputnik. Алматыда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Лукойл» мұнай компаниясы Қазақстанның жер қойнауына зерттеу жұмыстарын бірігіп жүргізу туралы келісімге қол қойды.

«Лукойл» ЖАҚ президенті Вагит Алекперов пен «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев жер қойнауын бірігіп зерттеу жөніндегі келісімге қол қойды. Компаниялар Қазақстан аумағындағы кейбір учаскелердегі зерттеу жұмыстарын бірігіп жүргізуге ниет танытты», — деді ресейлік мұнай компаниясының баспасөз қызметі.

Алик Айдарбаев бұл келісім қос компания арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

«Жігеріміз бен ұзақ жылдар бойы жиналған тәжірибемізді ұштастыра отырып, жер қойнауын зерттеу жұмыстарын бірігіп тиімді жүргізеді деген сенімдемін. Бұл Қазақстандағы мұнай-газ секторын тұрақты дамытуға септігін тигізеді деген үміттемін», — деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

Айта кетейік, 2019 жылы ҚР энергетика министрлігі мен «Лукойл» компаниясы «Жеңіс» кен орнына барлау жасап, көмірсутек шикізатын өндіру жөніндегі келісім шартқа қол қойған болатын.



sputniknews.kz