Ливияда соғыс күшейген тұста АҚШ күштері елден уақытша шығатынын хабарлады

0

АҚШ-тың Африкадағы әскери күштері Америка әскерінің Ливиядан уақытша шығарылатынын хабарлады. Бұл туралы Вашингтон ел астанасы Триполи әуежайы үшін ұрыс күшейген тұста, 7 сәуірде, мәлімдеді.

Әуежайды Халифа Хафтар басып алмақ. Ливия армиясының бас қолбасшысы Хафтар өткен аптада, 4 сәуірде, әскерінің Триполиге шабуылдап кіретінін мәлімдеген.

АҚШ күштерінің ресми мәлімдемесіне қарағанда, Ливиядан дипломатиялық миссия күзетіндегі, терроризммен күрестегі және аумақ тұрақтылығын реттеу үшін жіберілген әскерилер шығарылады. Қанша әскери қай жерге көшетіні туралы айтылмаған. Аймақтағы америкалық әскерилер қолбасшысы Волдхаузер Ливияда «қиын әрі не боларын болжап білу мүмкін емес жағдай» орнағанын айтқан.

4 сәуірде үкіметке тәуелсіз Ливия ұлттық әскерінің басшысы 75 жастағы Халифа Хафтар өз әскерінің Триполиді «террористерден тазарту үшін» қалаға бет алғанын хабарлаған. Қазір қала әуежайы үшін үкіметке адал әскерилер мен маршал Хафтар жауынгерлері арасында соғыс болып жатыр.

Ливия денсаулық сақтау министрлігі кем дегенде 21 адамның қаза тауып, отызға тарта адамның жараланғанын хабарлады.

Каддафидің бұрынғы жақтасы 1980 жылдардың соңында оппозицияға өтіп, диктатор режимін құлату кезінде елге оралған. Режим құлаған соң ел оппозициясы да екіге айырылды. Хафтарды біраз ел заңды деп мойындаған ел меджлисі қолдайды. Ел астанасы Триполи – қатарында Біріккен ұлттар ұйымы да бар халықаралық қауымдастық құрған Ұлттық бірлік үкіметі бақылауында.

Үкімет басшысы Фаиз Сарадж Хафтарды «сатқын» деп айыптап, «төңкеріс жасамақ болды» деп кінәлаған. 6 сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Хафтарды Триполиге шабуылын доғаруға шақырған.

Халифа Хафтар Мәскеуде оқыған. Соңғы жылдары бірнеше рет Ресейге келіп-кеткен. Болжам бойынша, Ресей билігі Хафтар әскерін қолдайды. Оның ішінде Вагнердің жекеменшік әскери компаниясы – «ЧВК Вагнера» де болуы мүмкін.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз