Күйеуін қайтаруды талап еткен Фарида Қабылбек Қытай елшілігіне барды

0

Қытайдан күйеуін қайтаруды талап еткен Фарида Қабылбек бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қытай елшілігіне барды. Үстіне күйеуі туралы мәліметтер жазылған плакат іліп, жалғыз адам пикетін өткізді.

Фарида Қабылбектің құжаттарын Қытай елшілігін күзететін полиция қызметкерлері тексерді. Аты-жөнін атамаған елшілік қызметкері шығып, «талап арызын хатпен білдіру қажеттігін айтты. Осыдан кейін Фарида Қабылбек елшіліктің құжат қабылдайтын бөліміне қарай кетті.

Бұрын Қытайдан келген Қазақстан азаматы Фарида Қабылбек күйеуін босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығына да барған. Бірақ консулдық қызметкерлері шықпаған еді.

Фарида Қабылбектің айтуынша, күйеуі Рахымжан Зейнолла Қытайда 13 жыл түрмеде отырған, шықсан соң бір жарым жыл саяси лагерьге жіберілген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Рахымжан Зейнолла ісіне байланысты Қытай елшілігіне ресми хат жолдағанын хабарлаған.

— Оны жазықсыз ұстап, «тыңшы» деген айыппен 2004 жылы 13 жылға соттап, түрмеге қамады. Одан соң бір жарым жыл саяси лагерьде ұстады, ал содан кейін үйқамақта отырғанына бір жыл, бір ай болды,- деген болатын.

Әйелінің сөзінше, Қытай билігі Рахыжан Зейнолланы 2004 жылы Шыңжаңға өзімен бірге қыдырып барған кезде ұстаған. Әуелде «Қытайдан Қазақстанға адам тасымалдаумен айналысты» деген күдікке ілінген Рахыжан кейін «тыңшылықпен айналысты» деген айып тағылып, он үш жылға сотталған.

— Қазақстанда оқығысы келген жиырмаға жуық баланың құжаттарын жөндеуге, шекарадан өтуіне көмектесті. Оның бар «қылмысы» — сол ғана, — дейді Фарида.

Фарида Қабылбектің сөзінше, Рақымжан Зейноллаға 2003 жылы Қазақстан азаматтығы берілген, бірақ ол құжатын алып үлгермеген. Фарида Қабылбектің 2013 жылы маусымның 22-інде жазған шағымына Алматы облысының ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының қарашада берген жазбаша жауабында «1963 жылы ҚХР туылған Зейнолла Рахымжан Қазақстан Республикасы президентінің 2004 жылғы 12 наурыздағы №1302 жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматы болып саналады» деп жазылған.

Azattyq