«Күйе жаққысы келеді»: Гауһар Әлімбекова сот залында жылап жібере жаздады — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда өтіп жатқан кезекті сот отырысы кезінде Гауһар Әлімбекова өзінің кінәсіз екенін айтып, жылап жібере жаздады. Сазгердің сөзіне сенсек, жәбірленуші Назарова оның атына қара күйе жағып, ел алдында масқара етуді көздеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сот залынан. 

Гауһар Әлімбекова

«Сенің ең жанды жеріңді білемін. Атыңа кір келтіріп, бүкіл халыққа қарабет қыламын деді. Мен не деймін? Сізге көмектесіп жүрсем, жақсылық жақпайды екен ғой дедім. 

Менің қарызым, кредитім көп деп көп ақша сұрай бастады. Айналайын қазағым-ау, кімнің басында несие жоқ? Осы отырғандардың бәрінде бар шығар?! Бұл кісінің мақсаты маған күйе жағу. Ақшадан бұрын бұл кісінің мақсаты менің атыма кір келтіру», — деді Әлімбекова сотта.

Сазгер «Ақкент» ықшам ауданынан туыстарына үш пәтер алу үшін Ордабаеваға ақша бергенін мойындады. Әр үйге 40 мың доллардан. 

«Тек үшінші үйдікін беріп үлгерген жоқпыз. Ферузаны әкетіп қалды. Үшіншісіне бастапқы 600 мың теңгесін құйып үлгердік», — дейді Әлімбекова.

Өнер иесінің болжамынша, жәбірленуші Назарова ақшасын Ордабаевадан қайтара алмағандықтан, осындай қадамға барып отыр. 

«Осы уақытқа дейін неге маған жала жауып келе жатқанын білмеймін. Бәлкім Ордабаева сотталып кеткеннен кейін, ақшамды ала алмаймын деп менен алып жатқан шығар», — дейді Әлімбекова. 

Бұған дейін осы іс бойынша кінәлі деп танылған Феруза Ордабаева өзінің кінәсін толық мойындап, Әлімбекованың жазықсыз екенін айтқан болатын.

 

stan.kz