Коронавирус жұқтырмағаныңды қалай білуге болады?  

0

Қазақстандықтар 13 сәуірден бастап коронавирусты анықтайтын экспресс-тесті тегін тапсырып жатыр. Ол үшін ең алдымен cdl.kz сайтында сауалнама толтыру қажет

АЛМАТЫ, 14 cәуір – Sputnik. Алматы мен Нұр-Cұлтанда дүйсенбіден бастап коронавирусқа қарсы тегін тексерілуге болады. Sputnik Қазақстан тілшісі COVID-19 індетіне тест тапсырып көріп, қалай тексерілуге болатынын біліп қайтты.

Экспресс-тестілеуден өту үшін ең алдымен cdl.kz сайтында сауалнама толтыру қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша адамдарды таңдайды. Содан кейін тізім «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасына жіберіледі.

11 сәуірде Sputnik Қазақстан тілшісімен байланыс орталығының операторы хабарласып, 13 сәуірде «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасына кешікпей келу қажет екенін хабарлады. Жеке куәлігіңді алып, міндетті түрде бетперде мен медициналық қолғаппен бару керек.

Зертхана ғимаратына уақыт бойынша бір адамнан кіргізіледі. Егер кезек пайда болса, көшеде күтесің.

Кіреберісте бахила киіп, тіркеу терезесіне өту керек. Оның жанында еденде кесіп өтуге болмайтын арнайы сары сызық бар. Айта кету керек, клиниканың барлық қызметкері арнайы қорғаныс костюмін, қолғап киіп, бетпердемен жүреді.

Медбике кассада жеке деректерді сұрайды: электронды пошта, ЖСН, мекенжай және телефон. Одан кейін ол жеке штрих-коды бар арнайы талон, сондай-ақ жеке кабинетке логин мен пароль көрсетілген түбіртек береді. Кейінірек сол жерден тест нәтижесін көруге болады. Мұның барлығы тегін.

Тіркеуден кейін пациент тікелей анализ тапсыру үшін емшара кабинетіне өтеді. Экспресс-тестілеу арнайы бөлінген емшара кабинеттерінде өткізіледі, бұл жерде басқа анализ тапсыру уақытша тоқтатылған.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

Алматыда зертхана қызметкері коронавирусқа қарсы тест жүргізуге дайындалып жатыр

Экспресс-тест – бір рет қолданылатын пластикалық қорап. Оған кассада берілген жеке штрих-кодты жабыстырады. Содан кейін саусақтан қан алады. Арнайы бір реттік тамшуырмен тест саңылауына бірнеше тамшы қан алады.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

Коронавирусқа қарсы экспресс-тест

Барлық құрал бір рет қолдануға арналған және зарарсыз болып саналады. Тест тапсыру 10 минут уақыт алады.

Айта кету керек, әрбір науқастан кейін дәрігерлер үстел мен орындықты дезинфекциялайды.

Тестілеу аяқталғаннан кейін талдау зертханаға жіберіледі. Нәтижесі көрсетілген электронды поштаға сол күн ішінде жіберіледі. Сондай-ақ, талдау нәтижесін «Олимп» сайтында жеке кабинетте тексеруге болады.

Sputnik Қазақстан тілшісіне нәтиже тест тапсырған күні дайын болады деп хабарлады.

Нәтиже оң болса, не істеу керек

Егер нәтиже оң болса, экспресс-тест екі жолақты көрсетеді.

Бұл жерде екі нұсқа бар:

  • Егер IgM класының антиденелері немесе IgM және IgG антиденелерінің екі класы анықталса, онда адам шамамен 7-14 күн бұрын ауруды жұқтыруы мүмкін. Науқас қайта тест тапсырады, оған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
  • Егер тек IgG антиденесі анықталса, онда бұл науқас ағзасындағы вирус екі аптадан астам өмір сүрген және адам иммунитеті вирусты өндіріп шығару арқылы ауруды жеңген.

Айта кету керек, қазір қалыпты иммунитетті қайта қалыптасу жайлы және қанша уақыт вирустың тасымалдаушысы болатыны жайлы дерек жоқ. Мұндай нәтиже алған жағдайда эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуді жалғастыру керек, сондай-ақ, адам жұтқыншағынан жағынды алып, ПТР-талдауын тапсыру қажет. Жалпы айтқанда, осы талдау COVID-19 диагнозын растаудың негізгі әдісі болып саналады.

Нәтиже теріс болса, не істеу керек

Нәтиже екі жағдайда теріс болуы мүмкін: инфекция жоқ болған жағдайда немесе адам жақында ауру жұқтырып, антиденелер әлі пайда болмаған болса теріс нәтиже көрсетеді.

«Вирусты жақында ғана жұқтырған адамдардың ағзасында антиденелер өндіріліп үлгермеуіне байланысты, экспресс-тестілеу инфекция жоқ деп көрсетеді. Ал науқас адамдардың арасында жайбарақат жүре береді, салдарынан көптеген адамға ауру жұқтыруы мүмкін. Сондықтан мұндай экспресс-тестілеу қоғамға қауіпті», — дейді дәрігерлер.   

Бірінші кезекте тесті кім тапсырады  

Жедел жәрдемнің медицина қызметкерлері, коронавирусқа күдікті пациенттер келіп түсетін емхана, стационар қызметкерлері, сондай-ақ, патруль және блок бекетте қызмет атқаратын әскери қызметкерлер мен полицейлер тексеріледі.  

Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйелерінің созылмалы аурулары бар емделушілерге, қарт адамдар мен ақпаннан наурызға дейін ЖРВИ-мен ауырып жазылған науқастар тексеріледі.

Тест қаншалықты дәл

Мұндай тестілердің дұрыстығы 90%-тен аспайды, сондықтан тексерудің 10%-і жалған нәтиже көрсету мүмкін.



sputniknews.kz