Консулдық алдында тұрғын Қытайдан Қазақстанның үш азаматын босатуды талап етті

0

22 қаңтарда түс кезінде Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында тағы бір жалғыз адамдық пикет өтті. Қала тұрғыны Серік Әжібай Қытайдан Қазақстанның үш азаматы: Зейнолла Рақыжан, Гүлбаһар Жәлелова және Асқар Азатбекті босатуды талап етті.

Әжібайдың айтуынша, бұл үш азаматтың үшеуі де Қазақстан азаматтары — көк түсті төлқұжаттары бар. Екеуі (Рақыжан мен Азатбек) «тыңшылық» бойынша Қытайда айыпталған. Ол ақпаратты бұл адамдардың туыстары мен интернеттен алғанын айтты. Оның қолында үш азаматтың құжаттарының көшірмесі болды.

— Мен жалпы Қытайдың концлагерінде қиналып жатқан Қазақстан азаматтарын дереу босатуды талап етіп, келіп отырмын. Олар — толыққанды Қазақстан азаматтары. Міне, құжаттары. Қазақстанда туған Гүлбахар Жәлелова Қытайға жеке кәсіппен сауда істеп барған кезде тұтқынға алынып, сол жерде оған жала жапқан. Қытайдың төлқұжатын жасап берген. 1,5 жыл сол жерде ең ауыр түрмеде отырған. Менің қойып отырған талабым — Қытайдың сыртқы істер министрлігі ресми түрде Гүлбахар Жәлеловадан, жалпы Қазақстан халқынан кешірім сұрауы тиіс. Зейнолла Рақыжан да, Асқар Азатбек те Қазақстанның толыққанды азаматтары. Оларды шартты түрде босатуды талап етемін. Бұл біздің егемендікті елемеу, тәуелсіздігімізді аяққа таптау деп білемін, — дейді Серік Әжібай.

Серік Әжібай айтып отырған Зейнолла Рақыжан туралы Азаттық бұған дейін де жазған. Оның әйелі Фарида Қабылбек бұған дейін Азаттыққа Қытайда туған Рақыжан Зейноллаұлы 2004 жылы Қытайдың Боро-Толо Моңғол автономиялы аймағына қыдырып барған жерінде ұсталып, «тыңшылық жасады» деген айыппен 13 жылға сотталғанын айтқан. 2017 жылы түрмеден босап шыққаннан кейін 1,5 жылға қайтадан саяси лагерьге қамалған. Қазір үйқамақта отыр.

30 жастағы Серік Әжібай бұған дейін де бірнеше рет Асқар Азатбекті босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикетке шыққан.

Видео: Туыстары Қытайда қалғандар пикетке шықты (17 қаңтар 2020 жыл).

Ол бірнеше рет пикетке шықса да, консулдықтан ешкім жауап бермегенін айтты. Сәрсенбі күні де консулдықтан ешкім шықпады.

22 қаңтарда Серік Әжібайдың алдында мұнда Марат Құрбанов есімді тұрғын жалғыз адамдық пикет өткізіп, Шыңжаңдағы туыстарының хабарсыз кеткенін айтып, шағымданған. Консулдықтан бірнеше сақшы шығып, Құрбанов пен Азаттықтың түсірілім тобын консулдық маңынан тықсыруға тырысты.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді «терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық» деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ «Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр» деп мәлімдеген.

Былтырдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда «туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр» деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Олардың кейбірі осыған ұқсас жалғыз адамдық пикет өткізген.

Қазан айының басында АҚШ «Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп» Қытайдың бірнеше компаниясы мен шенеунігіне санкция салған.

Оқи отырыңыз: «16 жылдан бері Қытайдан шыға алмай отыр». Қазақстан азаматының сергелдеңі

Azattyq