Көңілдесінің күйеуі ұрып-соқты: Түркістан облысында тұрмыстағы әйелмен кездесіп жүрген азамат көз жұмды — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында отбасылық жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Ұрып-соғудан соң көз жұмған азаматтың жақындары оны көңілдесі мен оның туыстарын жазалауды талап етуде. 

Бұл туралы 31 арна хабарлайды, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жәбірленуші тарап бұл іспен облыстық полиция департаменті айналысқанын қалайды.

Әуесхан Баймырзаев 27 жаста еді. Ол алған жарақатынан соң тіл тартпай кетті. Оны ұрып-соққанына үлкен ағасы куә болды.

«Оны менің көзімше, мені ұлымның көзінше, менің ағамның көзінше ұрды», — деді Болат Баймырзаев. 

Айтуынша, бауырын ұрғандар Ақерке есімді әйелдің туыстары. Тұрмыстағы әйел мен інісі кездесіп жүрген екен. Оқиға болар алдында інісі көңілдесімен айырылысып кетеді. 4 мамыр күні Ақерке Әуесхан Баймырзаевты кездесуге шақырады. 

Кейіннен Болат Баймырзаевқа Ақеркенің әкесі хабарласып, інісін қайдан алып кету керек екенін айтқан. 

«Біз оларға ұрмаңдар деп айттық. Оның үсті-басы қан болды. Аяқ-қолы байланған еді», — деді ағасы.

Алған жарақатынан соң Әуесхан Баймырзаев 4 күннен соң ауруханада көз жұмды. 

Өзін Ақеркенің анасымын деп таныстырған әйел қызының үйде жоқ екенін айтып, өзі сұхбат беруден бас тартты.

Болат Баймырзаевтың айтуынша, полиция оқиғаға қатысты екі адамды ғана ұстаған. Ол Ақеркенің бауыры мен күйеуі. 

Марқұмның жақындары Ақеркенің өзі мен ата-анасын, тағы бір бауырын жазалауды талап етеді. Істі облыстық полиция департаменті жүргізуін сұрайды. 

stan.kz