Ким Чен Ын 20 күннен бері алғаш рет халық алдына шықты — Қазақстан жаңалықтары

0

Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын өзінің өлімі жайлы тараған қауесеттен кейін 20 күннен соң халық алдына шықты. Бұл туралы оңтүстіккореялық Yonhap агенттігі хабарлайды.

Ким

Сенбі күні солтүстіккореялық БАҚ КХДР басшысы Ким Чен Ын түсірілген бейнероликті жариялады. Бұл оның соңғы 20 күн ішінде алғаш рет көпшілік ортадан көрінуі.

Белгілі болғандай, кадрлар Ким Чен Ын Сунчхон қаласындағы тыңайтқыштар өндіретін зауыттың ашылуына қатысқан сәтте түсірілген.

«Ол лентаны өзі кесіп, содан кейін құлшыныспен айқайлап қуаныштарын білдірген құрылысшыларға қол бұлғады», — делінді агенттік мәлімдемесінде.

Хабарламада айтылғандай, Ким Чен Ын бірнеше үй-жайды, оның ішінде шикізатты өңдеу, сары фосфор және фосфор-азот тыңайтқыштарын өндіру цехын және буып-түю цехын аралап көрді.

Ол өндірістік процесті ұйымдастыру туралы баяндаманы тыңдап, «жаңа ғасырдың талаптарына сәйкес химия өнеркәсібін дамыту міндеттерін белгілеп, атқарылған жұмыстарға қанағаттануын білдірді».

Айта кетейік, Ким Чен Ын көпшілік ортада 12 сәуірден бері көрінбеген болатын.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары КХДР басшысы жүрегіне күрделі ота жасатып, ауыр халде жатқанын хабарлаған болатын. Алайда ел билігі бұл мәліметті жоққа шығарған еді. Сеулде билік өкілдері оларға КХДР-дан 36 жастағы ел басшысы ауыр науқас екені жайлы еш мәлімет келмегенін атап өткен болатын.

 

 

stan.kz