Кеңқияқта мұнайшылар жалақыны өсіруді талап етті

0

20 ақпанда Ақтөбе облысы Кеңқияқ кенішінде «М-Техсервис» компаниясының елуге тарта жұмысшысы таңертеңнен бастап жұмысқа шықпай, жалақыны 33 пайызға дейін көбейтуді талап етті.

Жұмысшылардың Азаттық тілшісіне айтуынша, олар наразылық акциясын өткізбей тұрып, компанияның кәсіподақ комитеті мен басшыларына өздерінің талаптарын жеткізген. Бірақ мәселе шешілмеген. «Сол себепті бүгін жұмысымызды тоқтатуға мәжбүр болдық» дейді жұмысшылардың бірі.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда бұған дейін компания басшылары жалақыны тек он пайызға көбейтуді ұсынған, бірақ жұмысшылар келіспеген.

– Кеңқияқ кенішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына сервистік қызмет көрсететін біз сияқты жеті-сегіз компания бар. Олардың жалақысын біздікімен салыстыруға келмейді. Бірақ біздің істеп жүрген жұмысымыз бір. Өте аз жалақы аламыз, – деді аты-жөнін атағысы келмеген жұмысшы 20 ақпанда Азаттық тілшісіне.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов Кеңқияқ кенішінде ереуілдің болғанын растап, бейсенбі күні кешке «М-Техсервис» компаниясының өкілдерімен бірге кенішке қарай кетіп бара жатқанын айтты.

– Жолға үш сағат уақыт кетеді. Жанымда «М-Техсервис» компаниясының өкілдері бар. Компанияның бас кеңсесімен (Қытайда орналасқан) келіссөз жүргіземіз. Жұмысшылармен сөйлесеміз. Сондықтан әзірге ештеңе айта алмаймын, – деді.

Ол компанияның бас кеңсесіне жұмысшылардың талабын жеткізуге тырысатынын айтты.

«М-Техсервис» – 2003 жылы Ақтөбе қаласында тіркелген қытайлық мекеме. Ол «Маңғыстаумұнайгаз» игеріп жатқан Маңғыстау облысындағы Бозащы және Жетібай, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Кеңқияқ кенішіндегі мұнай ұңғымаларын жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. Онда 500-ге жуық адам еңбек етеді.

Оқи отырыңыз: Жұмысшылар наразылығынан соң Қытай компаниясы жалақыны өсірді

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз