«Кейбір азаматтардың сана-сезімінің төмендігін байқап отырмыз»: Алматы полициясы көшеде жүргендерді не үшін ұстап әкеткендерін түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Карантиндік режимді бұзғандар қатаң жазаланады деген қаулы өз күшіне ене бастағандай. Бүгін әлеуметтік желілердің бірінде полицияның көшеде жүрген азаматтарды жаппай ұстап әкетіп жатқан видеосы пайда болды. Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция баспасөз қызметімен байланысып, болған жағдайдың ақ-қарасын білді. 

алматы полиция

«Бұл — сенбі күні коронавирус дертін алдын алу мақсатында ұйымдастырылған профилактикалық шара. 28 наурыздан бастап карантин тәртібі күшейтілді, яғни азаматтардың көшеде жүріп-тұруына шектеу қойылды. Негізсіз далада жүрмеуі керек, бірақ тәжірибе көрсеткендей, кейбір азаматтар бұл талаптарға құлақ аспайды. Өз беттерінше серуендеп, заңға пысқырып та қарамады. Судың жағасында спортпен шұғылданып жүрді. Өзінің және жақындарының денсаулығын сақтау үшін бұл әрекеттерді тыю керек еді», — деп түсіндірді тұрғындардың қолын қайырған әріптестерінің әрекетін Алматы қалалық полициясы Баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.

«Бүгінгі таңда кейбір азаматтардың сана-сезімі төмендігін байқап отырмыз. Сенбі күні атқарылған іс-шара нәтижесінде Хамит Ерғалиұлы жағлауында 11 адам Бостандық аудандының полиция басқармасына жеткізілді», — деген баспасөз өкілі видеода көрсетілгендей, 11 адам бір көлікке тиелмегенін айтады. 

«11 адам бір көлікке тиелген жоқ. Жалпы ол көлік сонша адамды сыйғыза да алмас еді. Бірінші патрульдің бортында үш адам, кадрға түсіп қалған УАЗ автокөлігінің ішінде 5 адам, яғни, алдынғы орынға екі адам, артқы орындықта үш адам отырғызылған. Одан кейін соңынан жүрген патруль көлігінде тағы да үш адам отырғызылып бөлімшеге жеткізілген болатын», — дейді Салтанат Әзірбек. 

«Барлығы әкімшілік Кодекстің 476 бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік сот өз тарапынан жаза мөлшерін тағайындайды. Кейбіреулеріне әкімшілік қамау, ал кейбіріне айыппұл тағайындалады және ескерту де жасалады», — дейді Алматы қалалық полиция баспасөз қызметкері Салтанат Әзірбек. 

 

 

 

stan.kz