Карантиннің құрсауы: жаяу жүргіншілерді тіркеп жатыр

0

Елордалық полицейлер жаяу жүргіншілерді журналға тіркеу арқылы адамның қайда бара жатқанын бақылаймыз дейді

НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik, Арман Асқар. Қазақстанда карантиндік шаралар күшейтілді. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматыда  тағы бір аптаға жұмыс тоқтатылды. Бұрынғыдай далаға себепсіз шығуға болмайды. Ал жұмысқа бару үшін анықтама алып жүру керек. Полицейлер жаяу жүрген адамдарды да тіркей бастады. Sputnik Қазақстан тілшісі астананы аралап, халықтың қазіргі шараларға қатысты ойын біліп қайтты.

«Демалыстың әрбір күнін санап жүрдік»

Бүгінде астаналықтардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеп жүр. Демалыстың тағы бір аптаға ұзартылғанын қолдайды. Мәселен, Жасұлан есімді қала тұрғыны ноутбугі бұзылып қалмағанда бүгін де үйден шықпай отыратын еді.

«Иә, біз де карантин кезінде үйден істеп жатырмыз. Бірақ ноутбугім істемей қалды да, жұмысқа келуге тура келді. Себебі басшылық тапсырманың орындалғанын талап етіп отыр. Интернетке де көп салмақ түсіп жатыр. Бүгін ноутбугім бұзылуына байланысты бастықтан сөз естідім. Ал үйде отыру оңай емес. Таза ауа жетіспейді. Балалар үшін қорқамыз», — дейді ол.

Ал демалыстың тағы бір аптаға созылатынын естіген Ақмарал есімді дүкен сатушысының көңіл-күйі түсіп қалыпты. Себебі көшедегі тәртіп күшейгенде адамдар дүкенге аз келеді.

«Бесіне дейін әрең күтіп жүр едік, тағы бір аптаға ұзартса, қиын болды ғой. Бізге жұмыс істеуге рұқсат берді, бірақ көшедегі тәртіп күшейді. Содан адамдар далаға көп шыға бермейді. Дүкенге де аз келеді. Негізі осы демалыстың әрбір күнін санап жүрдік. Енді тағы күтетін болдық қой», — деді Ақмарал.

Оның айтуынша, коронавирус таралғалы бері халық жеке гигиенаға ерекше көңіл бөлетін болған. Дүкенде бір-бірінен алыс тұрады. Сатушылардан бетперде мен қолғап киюді талап етеді. Біз шығып бара жатқанда дүкенге бір қыз кірді. Ол есіктің тұтқасын ұстамай тұрып, антисептик септі. Сөйтіп, қолғаппен ұстап ашты да, ішке кіріп кетті.

Зейнеткерлер жастар үшін алаңдайды

Біз көшеде тамақ жеткізу қызметінде істейтін жас жігіттерді де кездестірдік. Бұрын фаст-фуд сатумен айналысқан. Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін жұмыссыз қалыпты. Енді күн көру үшін тамақ тасып жүр.

«Шыны керек, қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істегендердің көбісі табыссыз қалды. Біз де жұмыссыздардың қатарына қосылдық. Содан тамақ жеткізу қызметіне келдік. Әрине, оңай емес. Бұрын бір жерде тұрып, тамақ сатсақ, қазір оны қала бойынша тарату қажет. Ал жалақысы әлдеқайда төмен. Біреуміз велосипедпен, біреуміз жаяу жүреміз. Әзірше басқа жұмыс жоқ», — дейді Әмір.

Жас мамандар төтенше жағдайда табыссыз қалғандарға арналған 42 500 теңгеге тапсырыс беріп көрдік дейді. Бірақ электронды үкімет порталы да, Telegram-бот та дұрыс істемеген. Жұмыс беруші төтенше жағдайдан кейін бұрынғы қызметіне аламын деп уәде беріпті.  

Зейнеткерлер болса, жұмыссыз қалған жастар үшін алаңдап жүр.

«Бізде зейнетақы бар ғой. Ақша жұмыссыз қалған жастарға қажет. Бізге зейнетақы жетеді. Жасарымызды жасадық, асарымызды асадық. Тамақ, дәрі, киім бар. Тәуба. Жастарымыз аман болсын!», — дейді Хасан аға.

«Қазақстан ерледі»

Жанар есімді фитнес бапкер демалысты ұзартқан дұрыс дейді. Ал жаттығуларды үйде де жасауға болады. Дегенмен, спортпен айналысатын адамдарға төрт қабырғаға қамалып отыру қиын.

«Иә, қазір қиналсақ та, үйден шықпай отырсақ, төтенше жағдайды тездетіп алып тастайды. Алайда далада арақашықтықты сақтап жүруге де болады ғой. Сондай мүмкіндік берген дұрыс сияқты. Себебі бүгінде адамдар коронавирустың қаупін жақсы түсінеді, арақашықтықты өздері де сақтайды. Мен өзім дүкенге тек адам азайған кезде ғана барамын. Біреумен сөйлескенде алшақ тұрамын», — дейді Жанар.  

Ал «Астана Опера» театрында жұмыс істейтін Гюзель Хайбулина жеті жыл бұрын Татарстаннан келген. Халықаралық келіссөздерге жауап береді. Ол да қашықтан жұмыс істеп жүр.

«Негізі, Қазақстан ерледі. Сіздер Ресейден екі апта бұрын әрекет етіп, тиісті шараларды қолға алдыңыздар және бәрін дұрыс істедіңіздер. Жарайсыңдар дегім келеді. Өзім Ресейде емес, осы жерде жүргеніме қуанамын (күлді). Мен үйге хабарласып тұрамын, ол жақта жергілікті жерде коронавирустың қаншалықты қауіпті екенін әлі түсінбейді», — деді Хайбулина.

Гюзель жұмыс бабымен Милан, Берлин, Нью-Йорк сияқты қалаларда жүрген әріптестерімен де сөйлесіп тұрады. Оның айтуынша, шет мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстан тамаша жұмыс істей білді.

Жаяу адамдарды не үшін тіркейді?

Бүгінде елорда көшелерінде тәртіп күшейді. Полицейлер көліктерді ғана емес, жаяу жүрген адамдарды да тіркей бастады. Бірақ астаналықтар жұмыс анықтамасы мен жеке куәлікті көрсетсе де, халықты не үшін тіркейтінін түсінбейді. Оған қоса, ондай тәртіп санитарлық-эпидемиологиялық ережеге қайшы.

«Күні кеше жұмыстан үйге бара жатқанымда патруль тоқтатты. Күте тұрыңыз, қазір сізді тіркейді деді. Мейлі, күтейін дедім. Бірақ алдындағы екі кісіні тіркеп болғанша тағы үш-төрт адам келіп қалды, оларды да тоқтатты. Полициямен бірге тоғыз адам болдық. Көшеде үш адамнан артық жиналуға болмайды дейді. Ондай тәртіппен өздері санитарлық ережені бұзбай ма?», — дейді қала тұрғыны Жанат Саметов.

Оның ойынша, көлік жүргізушілерін тіркеуге болады. Себебі олар өз көлігінде отырады. Бір-біріне жақындамайды. Ал көшеде жүрген адамдарды топтап тіркеу қауіпті.

«Оған қоса, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «жаяу жүргіншілерді тіркейді» деген ақпаратты естімедім. Жұмыс анықтамасын ғана көрсету керек делінген», — деп атап өтті Саметов.

Біз көшеде жүрген партульге жолығып, мәселенің мән-жайын сұрадық.

«Басшылық сондай нұсқау берді. Журналға тіркеу арқылы адамның қайда бара жатқанын бақылаймыз», — дейді полицейлер.

Алайда «Журналмен адамның қайда бара жатқанын қалай бақылайсыз? Жанында жүресіз бе? Ол үшін бейнебақылау бар емес пе?» деген сұраққа тұщымды жауап бере алмады.



sputniknews.kz