«Канело» Альварес британиялық қарсыласын оңдырмай сабады (видео)

0

Мексикалық Сауль «Канело» Альварес өзі үшін жаңа салмақ категориясы болып саналатын – екінші орта салмақта чемпион атағын иеленді. Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткен жекпе-жекте ол британиялық Рокки Филдингті жеңді. Осының арқасында мексикалық боксшы қарсыласына тиесілі WBA чемпионы деген атақты еншіледі.

Альварестің бірінші раундта корпустан жасаған ауыр соққысы Роккиді ногдаунға жіберді. Британиялық орнынан тұрғанымен тағы да қапталдан соққы жіберіп алды. Қарсыластың осал тұсын тапқан Альварес әрі қарай осы қарқында жалғастыруға көшті.

Екінші раунд та Альварестің басымдығымен өрбіді. Соңына қарай Рокки тағы да ногдаунға түсті. Ол мексикалыққа қарсы айтарлықтай қажыр-қайрат көрсете алған жоқ. Тек ара-қашықтықты сақтап, сирек соққылар жұмсаумен ғана шектелді. Үшінші раундта Филдинг екі мәрте қатарынан ногдаунға түскеннен кейін төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды.

Осылайша, қазіргі таңда Альварестің еншісінде – бірінші орта, орта және екінші орта салмақтың чемпионы деген атағы бар.

Альварес осыған дейін өзінің соңғы екі жекпе-жегін қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы өткізген болатын. 2017 жылдың қыркүйегінде өткен алғашқы жекпе-жек тең аяқталса, одан кейін биыл болған жекпе-жек ұпай басымдығымен Альварестің пайдасына шешілді. Енді екі боксшы да үшінші жекпе-жекке дайын екендіктерін жиі айтып жүр.

Абай Аймағамбет


Дереккөз: Айқын