Энергия үнемдеу жобаларын іске асырудан түсетін жыл сайынғы үнем 3,5 млрд теңгені құрайды

0

2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында және «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасында еліміздің жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай кем дегенде 25%-ға және 2050 жылға қарай кем дегенде екі есеге төмендету міндеттері айқындалған. Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, 2017 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ЖІӨ энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейге қарағанда 18% төмендеді. 2016 жылы Дүниежүзілік банк әлемнің 111 елінің энергия тиімділігі саласындағы мемлекеттік реттеу бағалауын жүргізді. Қазақстан рейтингте 32-орынды иеленді.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек энергия үнемдеудің заманауи жүйесінің негізі Индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бес жылдығы аясында, яғни, 2012–2015 жылдары құрылғанын айтып өтті.

«Энергия үнемдеу жүйесінің басты элементі – Мемлекеттік энергетикалық реестр құрылды. Қазіргі таңда реестрге 5 мыңнан астам ұйым кіреді. 2016 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Мемлекеттік энергетикалық реестрдің Автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру арқылы энергия тиімділігі көрсеткіштерін цифрландыруға кірісті. Биыл бұл жүйе пилоттық режимде іске қосылды және барлық мемлекеттік энергетика субъектілерінің 40% электронды түрде ақпарат ұсынды. Алдағы уақытта біз оны заңнамалық деңгейде бекітуді жоспарлап отырмыз», — деді Ж. Қасымбек.

«Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 59-қадамында танымал халықаралық энергия сервистік шарттардың тетігі арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту міндеті бекітілді. Осыған байланысты, энергия сервистік шарттардың нарығын дамыту және энергия үнемдеу жобаларын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үшін Энергия тиімділігі картасы құрылды. Онда энергия сервистік келісімшарттардың тетігі арқылы іске асыруға дайын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жобалардың бірыңғай республикалық тізімі жасалды.

«Қазіргі уақытта, Картаның 15 млрд теңге болатын 68 жобасы іске асырылуда. Олардың ішінде 12 жоба энергия сервистік шарттар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы қолға алынды. Жыл сайынғы үнемдеу 3,5 млрд теңгені құрайды, соның ішінде 12 жоба бойынша 660 млн теңге үнемделеді. Картаның 72 млрд теңге болатын 76 жобасы әзірлену үстінде, қазіргі уақытта оларға инвесторлар іздестіріліп жатыр», — деді Ж. Қасымбек.

Энергия сервистік жобаларды іске асыруды қолдау үшін ҚР ИДМ БҰҰ Даму бағдарламасымен және Даму қорымен бірлесіп, жобаларға субсидиялау және кепілдендіру түрінде қаржылық қолдау көрсетуді бастады. Бүгінгі таңда 28 жоба осы қолдауға ие болды.

Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастық аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, $21,7 млн құрайтын жоба іске асырылып жатыр. Жоба аясында 85 мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар нысандар іріктеліп алынды. Жобаның нәтижесінде 50 мыңнан астам адамның жұмыс және оқыту жағдайлары жақсартылады. Ал мемлекет жыл сайын отын-энергетикалық ресурстар мен бюджетті үнемдейтін болады. Сондай-ақ, БҰҰ Даму бағдарламасымен жалпы сомасы $10 млн құрайтын 2 жоба іске асырылуда.

Бұған қоса, ҚР ИДМ жыл сайын энергия үнемдеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мынадай өлшемдер бойынша бағалау жүргізеді: индикаторлар мен міндеттерді орындау, мемлекеттік мекемелердің мониторингі, бюджеттік ұйымдарда энергия аудитін жүргізу, приборлау, тиімді жарықтандыру көздеріне көшу және тағы басқалары.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпорындарға энергия тиімділігі талаптарын жетілдіруді тапсырды. Тапсырманы орындау үшін «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңға тәжірибелік талдау жүргізілді және мүдделі тараптармен бірлесіп, тиісті Заң жобасының Тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама энергия үнемдеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіруді, жеке және мемлекеттік секторларды реттеу тәсілдерін өзгертуді, сондай-ақ энергия үнемдеуді ынталандыру шараларын әзірлеуді көздейді.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев өз кезегінде отын-энергетика секторында энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туалы баяндады.

«2018 жылы Энергетика министрлігі 35 энергия өндіретін және 19 энергия жеткізетін ұйымның энергоаудитінің нәтижелерін қарастырды. Нәтижесінде, бұл ұйымдар үшін қандай да бір шығындарды орта есеппен 30%-ға дейін төмендету бойынша шаралар айқындалып, бекітілді, оның ішінде: электр және жылу энергиясын беруге отынның үлес шығыны, өз қажеттіліктеріне және шаруашылық қажеттіліктеріне шығындар: нормативтік-техникалық шығыстар; жылу таратқыштар мен сумен жабдықтауға шығындар бар», — деді Қ. Бозымбаев.

Сонымен қоса, электр станцияларында отынды пайдалануға жүргізілген талдау қорытындысы электр және жылу энергиясын өндіруге жұмсалған шартты отынның үлестік шығысының азайғанын көрсетіп отыр. Министр Қ. Бозымбаев компаниялар энергоаудитінің нәтижелері бойынша талдау мен жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

«Павлодарэнерго» электр станциясы бойынша 2017 жылы 2013 жылмен салыстырғанда электр энергиясын босатуға шекті шығын 6 %-ға төмендеді. 2013 жылмен салыстырғанда жылу энергиясын босатудың үлестік шығыны 1%-ға төмендеді. Электр энергиясын өз қажеттіліктеріне тұтыну 2013 жылғы 16%-дан 2017 жылы 14%-ға дейін төмендеді. «Еуразиялық энергетикалық корпорация» компаниясы бойынша электр энергиясын босатуға арналған үлестік шығыс бойынша көрсеткіші 2013 жылдан бастап 2017 жыл кезеңінде шартты отынның 362 грамынан 351 грамына дейін төмендеді.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, электр желілерінде шығындарды азайту бойынша энергия тиімділігін арттырудың пәрменді шараларының бірі электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесімен толық қамту болып табылады. Қ. Бозымбаевтың айтуынша, инвестициялық бағдарламалар арқылы электр энергиясының түпкі тұтынушыға дейін жеткізудің барлық деңгейлерінде жүйені орнату қамтамасыз етілген.

«Еліміздің барлық ірі энергия кәсіпорындарын қамтумен энергия тиімділігін арттыру бойынша шараларды іске асырудың экономикалық мақсаттылығына бағалау жүргізіліп жатыр. Бұл сараптаманы 2019 жылдың наурыз айында аяқтап, оның ұсыныстарын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін пайдалану жоспарланған», — деді энергетика министрі. 

Қ. Бозымбаев «ҚазМұнайГаз» мұнай өндіру компаниялары тобында отын энергетикалық ресурстарды тұтыну 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 1%-ға қысқарғанын атап өтті. 80-нен аса энергияны үнемдеу және энергия тиімділігі бойынша аса іс-шараны орындау нәтижесінде отын-энергетикалық ресурстарының жалпы үнемдеу 833,3 мың ГДж-ды құрады, бұл табиғи түрде 12 млн КВт электр энергиясын, 2 мың Гкал жылу энергиясын, 8 млрд м3 табиғи газды және 15 мың тонна қазандық және пеш отыны құрайды.

«Қаржы шығындарын үнемдеу 410 млн теңгені құрады. Жұмыс жалғасып жатыр, 2021 жылға дейін Қазмұнайгаз компаниялар тобының барлау-өндіру секторы бойынша энергетика ресурстарын тұтынуды 4,5 млн ГДж-ға төмендету жоспарланған. Біздің зауыттарды жаңғыртудың мультипликативті әсерін атап өткен жөн. Жаңғыртудан кейін мұнай өңдеудің энергия тиімділігінің артуына және отын сапасының біршама жақсаруына байланысты автокөлік құралдарының энергия тиімділігі де артады. Жалпы, жаңғырту қорытындысы бойынша энергия тиімді шараларды бағалау және жалғастыру үшін үш МӨЗ-де энергоаудит жүргізу көзделіп отыр», — деді энергетика министрі.

Сонымен қатар, мұнай айналымы бойынша нақты электр энергиясының тұтынуын төмендету нәтижесінде 2018 жылдың 9 ай бойынша 2014 жылдың 9 айының көрсеткіштеріне қатысты төмендеуі 11% құрады, бұл жүк айналымының 5,9% артуымен байланысты.

Магистралдық газ құбырлары жүйесінде негізгі энергия үнемдеу шаралары процестерді автоматтандырумен және цифрландырумен байланысты, ал басқаруда ISО 50001 халықаралық стандартына сәйкес энергетикалық менеджмент жүйесі енгізілген.

«Қазтрансгаз компаниялар тобы бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділік бойынша шараларды іске асырудың арқасында 2019 жылы өз қажеттіліктері мен технологиялық шығындарға газды тұтынуды 90 млн м3 астам және электр энергиясын тұтынуды 18 млн кВт/с төмендету көзделіп отыр, бұл 125 мың тоннаға дейін шартты отынды үнемдеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Қ. Бозымбаев.

Өңірлердегі энергия тиімділік және энергия үнемдеуді арттыру бойынша ағымдағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Алматы қ. әкімінің орынбасары м.а. А. Мәдиев баяндады.