Израильдегі парламент сайлауында оппозиция жеңілгенін мойындады

0

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың таяуда өткен парламент сайлауындағы бас қарсыласы жеңілгенін мойындады. «Кахоль-Лаван» оппозициялық блогының жетекшісі, бұрын бас штабты басқарған Бени Ганц «Бұл кезеңде біз жеңген жоқпыз» деді.

Саналған 99,9 пайыз дауыстың қорытындысына сәйкес, Ганцтың саяси альянсы парламентте басым түсе алмаған. Әзірше оппозиция 120 орындық парламенттегі 35 мандатқа ие. Нетаньяхудің «Ликуд» партиясына тиген орын саны да сонша — 35. Бірақ сарапшылар орынның басым бөлігін Нетаньяху партиясы мен оның оңшыл-центристік коалиция бойынша серіктестері алады деп болжайды.

Нетаньяху Израиль үкімет 2009 жылдан бері басқарады. «Жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін» деген айыптар айтылғанына қарамастан премьерді жақтайтындар көп. Нетаньяхуды АҚШ президенті Дональд Трамп қолдайды. Вашингтон таяуда АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіріп, Голан жоталарын Израиль аумағы деп тануы Израиль билігін қолдау ретінде бағаланған.

«Кахоль-Лаван» – Израиль армиясы бас штабының бұрынғы бастығы Бени Ганц пен бұрынғы қаржы министрі, журналист, драматург Яир Лапид екеуі басқаратын саяси блог. Бұл блог сайлау қарсаңында жемқорлықпен күресетінін баса көрсеткен.

Azattyq