Инвестициялық табыс сомасы неге өзгеріп отырады? – Қазақстан жаңалықтары

0

Зейнетақы жинақтарының инвестицияларын әр түрлі валюталардағы сенімді қаржы құралдарына әртараптандыру валюталық және нарықтық қайта бағалау тәуекелдерінен қорғауды қамтамасыз етеді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы қазіргі уақытта 12 триллион теңгеге жуық. Бәрімізге белгілі, зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жарналары мен түскен қаражатты инвестициялаудан алынған инвестициялық табыстан тұрады.
Жеке зейнетақы шоттарына түсетін және есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Ұлттық Банк зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне және БЖЗҚ инвестициялық декларациясына сәйкес инвестициялау лимиттеріне  инвестициялайды.

Тәуекелдерді азайту мақсатында қаржы құралдары инвестициялаудың түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылады. Қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, соңғысының басым бөлігі – АҚШ долларымен номиналданады.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады
Инвестициялық кіріс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша алынған табыстар және т. б. кіреді.

Инвестициялық табыс – тұрақсыз шама, сол себепті ол қысқа мерзімдік кезеңде оң немесе теріс  болуы мүмкін. Зейнетақы жинақтарының инвестицияларын әр түрлі валюталардағы сенімді қаржы құралдарына әртараптандыру валюталық және нарықтық қайта бағалау тәуекелдерінен қорғауды қамтамасыз етеді.

Мысал ретінде салымшылар мен алушылардың шоттарына 2020 жылы есептелген инвестициялық табысты қарастыруға болады.

2020 жылдың қаңтарынан бастап 10 маусымына дейін салымшылардың шоттарына 438,7 млрд теңге көлемінде таза инвестициялық табыс есептелді.

Қаңтар айында таза инвестициялық табыс +28,15 млрд теңгені, ақпан айында +111,7 млрд теңгені, наурыз айында +521,8 млрд теңгені, сәуір айында – 125,6 млрд теңгені, мамырдан бастап 10 маусымға дейінгі аралықта – 97,3 млрд теңгені құрады.

Наурыз айында инвестициялық табыстың айтарлықтай өсуі (+521,8 млрд.теңге), сәуір, мамыр және маусым айының басында инвестициялық табыстың төмендеуі  байқалады. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 10 маусымына дейінгі кезеңдегі инвестициялық табыстың жалпы сомасы +438,7 млрд теңгені құрап, оң нәтижеге қол жетті. 

2020 жылғы наурыздан бастап зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығына теңге бағамының АҚШ долларына қатысты өзгеруі үлкен әсер етті.

Мәселен, наурызда АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 381-ден 448 теңгеге дейін артты. Валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау зейнетақы активтері бойынша таза инвестициялық табыстың елеулі өсуіне әсер етті.

Сәуір айында  керісінше, АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 448 теңгеден 424 теңгеге дейін төмендеп, нығая түсті. Ұлттық валютаның нығаю үрдісі 2020 жылдың мамырында да жалғасты. АҚШ долларының құны 411 теңгеге дейін төмендеді. Маусымның алғашқы онкүндігі ұлттық валюта бағамының 1 АҚШ доллары үшін 411 теңгеден 399 теңгеге дейін төмендеуімен сипатталды. Тиісінше, валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін теріс бағалау орын алды, ол өз кезегінде инвестициялық табыстың төмендеуіне ықпал етті.

Сонымен қатар зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыс мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңде талдаған дұрыс екендігіне назар аударамыз. Қысқа мерзімді деректер (күн сайынғы, ай сайынғы және т. б.) – көрсеткіш бола алмайды, өйткені олар күнделікті нарықтық конъюнктураға тәуелді.

Мәселен, өткен 2019 жылы БЖЗҚ салымшыларының ЖЗШ-ларына есептелген таза инвестициялық кіріс 641,8 млрд теңгені құрады.

2018 жылы таза инвестициялық табыс 917,1 млрд теңгені көрсетті.
2017 жылы таза инвестициялық табыс 550,6 млрд теңге болды.
2016 жылы таза инвестициялық табыс 472,4 млрд теңгеге жетті.
2015 жылы таза инвестициялық табыс 761,5 млрд теңге болды.

2013 жылдың қыркүйек айынан бастап 2020 жылдың мамыр айына дейін зейнетақы активтерін басқару кезеңінде Ұлттық банкпен қамтамасыз етілген инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 30%  астамын немесе 3,8 трлн теңгені құрады.

Инвестициялық басқару және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі айқын, әрі ашық жүргізіледі: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе ұялы қосымшада бақылап отыру мүмкіндігіне ие.

Себебі, БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде тұрақты жарияланып отырады.

 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз