Индонезияда жойқын цунами концерт өтіп жатқан сахнаны шайып кетті (видео)

0

Индонезиядағы цунамидің салдарынан қаза тапқандардың саны 281-ге жетті. Бұл туралы Straits Times басылымы хабарлады.

Ал зардап шеккендер 1016-ға, із-түссіз жоғалғандар 57-ге жетті.

Цунами толқыны өткен сенбіде жергілікті уақытпен санағанда сағат 21.27-де Индонезияның батысындағы Зонд бұғазының жағалауында орын алды. Жүздеген үй мен ғимарат су астында қалды.

Цунами

Цунамиден қираған үй

Мемлекет билігінің хабарлауынша, толқын Анак-Кракатау жанартауының атқылауы салдарынан көтерілуі мүмкін. Ал Индонезияда әзірге цунами жайлы алдын-ала ескерту жүйесі қарастырылмаған.

Индонезияның геологиялық қызметі табиғат апатының 2 минут 12 секундқа созылғанын хабарлады. Сонымен қатар халықтың кратер маңына 2 шақырымға дейін жақындамауын талап етті.

Әлеуметтік желіде толқынның Seventeen рок-группасы ән айтып тұрған сахнаны шайып кеткені туралы видеосы таралып жатыр. Кейін топ әншісі басист, гитарашы және топтың менеджері қаза тапқанын хабарлады, ал тағы екі адам мен бірінің әйелі жоғалып кеткен.

Цунамиден қатты зардап шеккендердің — бірі Бантен провинциясындағы Пандегланг округі. Дәл осы ауданда қаланың ұлттық саябағы мен демалыс орындары орналасқан.

Құтқарушылар қазір Анак-Кракатау жанартауы мен цунами арасындағы байланысты зерттеп жатыр.

Цунами

Цунамиден қашқан халық мешіттерді паналады

Жанартау соңғы рет 2018 жылдың маусымында атқылаған екен.

Алғашында жай ғана суасты жанартауы болған Анак-Кракатау жиі белсенділігінің арқасында айналасына жаңа бір арал қалыптастырды. Жанартау теңізден 300 метр биікте орналасқан.

Цунами

Анак-Кракатау жанартауы, фото шілдеде түсірілген

Анак-Кракатау

Анак-Кракатау жанартауы, фотоны өткен сенбіде Ойстейн Лунд түсірген

1883 жылы жанартау атқылағанда күл бағаны 20 шақырымға дейін жетіп, күркіреген дауысы Австралиядан Маврикияға дейін естілген.

Индонезияда цунами жиі болып тұрады. Еске сала кетсек, 2018 жылдың қыркүйегінде Сулавеси аралындағы жер сілкінісі, одан кейін цунамиге ұласқан апаттан екі мыңға жуық адам қаза тапқан.

Цунами

Цунами толқыны үйлерді қиратып, көліктерді аударды

2004 жылдың желтоқсанында Үнді мұхиты жағалауында болған жер сілкінісінің салдарынан 228 мың адам қаза тапқан, соққы Индонезияға да ауыр тиді.

«Қамшы» сілтейді