Халықаралық балалар шығармашылығы Фестивалінің жеңімпаздары марапатталды

0

«Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» фестивалі 1990 жылдан бергі аралықта «Mitsubishi» корпорациясының қоғамдық байланыс жөніндегі комитетінің қолдауымен Жапония Ұлттық ЮНЕСКО Ассоциацияларының Федерациясымен және Азия-Тынық мұхиты аймағы  ЮНЕСКО Клубтары және Ассоцияларының Федерациясымен бірлесе өткізіліп келеді. Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясы және Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросы қолдауымен 10 жыл бойына аталмыш жобаның еліміздегі ұйымдастырушысы болып келеді.

Ал фестивальдің мақсаты «Бұл – менің өмірім» тақырыбындағы суретті күнделіктерді жасау арқылы балалар арасында мәдениетаралық түсіністікті қалыптастыру әрі сақтау болып табылады.  Жобаның алғашқы күнінен бастап 6 –12 жас аралығындағы 700 000-нан астам Азия елдерінің жас суретшілері қатысты.

Биылғы жылғы 13 циклдің өтуіне Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы серіктес ретінде өз үлесін қосты.  Азия-Тынық мұхиты аймағының 24 елінен келген қатысушылар өзге елдердің тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

Жүйріктердің ішінде озық шыққан 12 жасар Сәуле Убайдулла халықаралық әділ-қазылар алқасының шешімімен Гран-при иегері атанды. Ол Шымкент қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО Клубының оқушысы, осы жылдың шілде айында Жапонияда өткен халықаралық марапаттау рәсіміне қатысты. Көрме қонақтары Бангладеш, Бутан, Бруней-Даруссалам, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Камбоджа, Қытай, Корея, Лаос, Малайзия, Мальдивы, Монғолия, Мьянма, Непал, Пәкістан, Сингапур, Қытайлық Тайбей, Тайланд, Тимор-Лесте, Филиппин, Шри-Ланка және Жапония елдерінен жоба жеңімпаздарының жұмыстарын тамашалады.

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 12–23 қараша күндері  келушілер көрме экспозицияларын тамашалай алады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ