Еуропарламент Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап етті

0

Еуропарламент мүшелері 19 желтоқсанда резолюиция қабылдап, Қытай билігін Шыңжаңдағы қысымды тоқтатып, осы өлкедегі «қайта тәрбиелеу лагерьлерін» жабуға шақырды.

Еуропарламент Қытайдың Шыңжаңдағы жүз мыңдаған ұйғыр мен қазақты «саяси қайта тәрбиелеу орталықтарына» қамап жатқанын сынап, Пекинді адамдарды ешқандай айыпсыз, сотсыз ұстауды тоқтатуды талап етті.

Еуропарламент мүшелері Пекинді қазір қамауда отырғандарды және биыл Сахаров сыйлығын алған ұйғыр белсендісі Ильхам Тохтыны да қамаудан босатуға шақырды.

Бұдан бөлек, Қытай билігінен шетелдік сарапшылар мен тәуелсіз журналистерді Шыңжаңға кіргізіп, сол жердегі жағдайды ашық көрсетуді талап етті. Бұған қоса, Қытай билігін шетте жүрген ұйғырларды қудаламауға шақырды.

Еуропарламент мүшелері Еуропа одағын Шыңжаңдағы қудалауға қатысы бар шенеуніктерге санкция салып, активтерін бұғаттауға шақырды.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді «терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық» деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ «Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр» деп мәлімдеген.

Осыған дейін АҚШ Шыңжаңдағы қудалауға қатысы бар Қытай компаниялар мен шенеуніктеріне санкция салған.

Оқи отырыңыз: АҚШ Қытай фирмаларына санкция салды. Арасында Тоқаев барған компания да бар

24 қарашада Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) «Қытай билігіне тиесілі» құпия құжатты жариялады. «Телеграмма» деп аталатын құжатта Пекиннің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған.

«Құпия» белгісі соғылған құжатта «Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет. Қытай тілін меңгеру – басты талап» деп жазылған.

16 қарашада америкалық New York Times басылымы Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Онда мұсылмандар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген.

Қытай билігі бұл екі құжатты да «фейк» деп атады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз