Еуроодақ Мәскеудегі бейбіт шеру кезіндегі жаппай ұстауды айыптады

0

«Мәскеудегі рұқсат етілмеген митингі кезінде полицияның азаматтарды ұстауы бейбіт жиналу құқығы мен пікір айту еркіндігіне нұқсан келтіреді» деп мәлімдеді Еуропа Одағы.

«Адам құқығының негізгі түрлері Ресей Конституциясында жазылған және бұл құқықтар қорғалады деп ойлаймыз» деді Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғарғы өкілдігінің баспасөз хатшысы Майя Косьянчич.

Ол Еуроодақтың алдағы сайлауда Ресей билігі ЕҚЫҰ және өзге де халықаралық ұйымдар алдында алған міндеттерін орындайды деп үміттенетінін жеткізген.

Мұның алдында Amnesty International құқық қорғау ұйымы да ұсталғандарды босатып, күштік құрылым өкілдерінің әрекеттерін зерттеуді талап еткен еді.

27 шілдеде Мәскеуде қалалық дума сайлауына қатысқысы келген тәуелсіз кандидаттарды қолдау акциясы өтті. ІІМ дерегінше, оған 3 500 адам қатысқан. Ал «ОВД-Инфо» құқық қорғау порталының хабарлауынша, шеруге одан да көп адам қатысқан, 1 373 адам ұсталған, олардың 43-і — кәмелеткен толмағандар. ІІМ 1074 адамның ұсталғанын айтты. Акцияны тарату кезінде полиция шерушілерді аямай ұрып-соғып, резеңке таяқ қолданған. Ондаған адам жараланған.

Қарай отырыңыз: Мәскеудегі шеру (27 шілде 2019 жыл).

Тәуелсіз кандидаттар алдағы уақытта жаңа шеру өткізетінін айтып отыр.

Бұған дейін ондаған оппозициялық және тәуелсіз кандидаттар саяси себеппен өздерін Мәскеу қалалық дума сайлауына жібермей отырғанына шағымданған еді. Олардың басым бөлігінің айтуынша, сайлау комиссиясы оларды қолдайтын азаматтардың қолын тіркеуден бас тартқан.​

  • Мәскеу қалалық думасына сайлау 8 қыркүйекте өтеді. Бір мандаттық округ бойынша барлығы 45 депутат сайланады. Парламентке енбеген партияға мүше адамдар сайлауға қатысу үшін бірнеше мың сайлаушы қолын жинауы керек.
  • Кейбір дерекке қарағанда, рейтингісі төмен болуына байланысты «Единая Россия» депутаттарын сайлауға ұсынбаған. Олар өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде сайлауға қатыспақ.
  • Сайлауға тіркеле алмаған тәуелсіз кандидаттар арасында мәскеулік депутаттар Илья Яшин, Юлия Галямина, Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Любовь Соболь, Иван Жданов, саясаткерлер Дмитрий Гудков, Сергей Митрохин бар.​

Azattyq