ЕО Венесуэланы наразылыққа шыққандарға күш қолданбауға шақырды

0

Венесуэла бойынша халықаралық байланыс тобы Каракасты наразылыққа шыққандарға күш қолданбауға шақырды. Еуроодақтың сыртқы саясат бойынша қызметінің мәлімдемесінде осылай деп жазылған. Еуроодақ Венесуэладағы демократиялық процестерді қолдап, ашық сайлау өткізу үшін бар күшін салуға уәде берген.

30 сәуірде Каракаста оппозиция жақтастары мен қазіргі президент Николас Мадуроны қолдайтын әскерилер арасында қақтығыс болған. Наразылыққа шыққандарға көзден жас ағызатын газ қолданылған. Оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо әскерилердің бір бөлігі өз жағына өткенін хабарлады. Әзірге нақты қанша әскеридің оны қолдағаны туралы дерек жоқ.

Бұған дейін Хуан Гуайдо венесуэлалықтарды 1 мамырда бейбіт шеруге шығуға шақырған.

Биыл қаңтарда өзін Венесуэланың уақытша президентімін деп жариялаған Хуан Гуайдоны елуден астам ел Венесуэланың заңды басшысы деп таныған. Николас Мадуро елдегі дағдарысқа АҚШ-ты айыптайды.

Бұған дейін АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтон «Мадуроның жақтастары оны биліктен кетіру жайлы өзара келіссөз жүргізіп жатыр» деп хабарлаған.

Мадуроны Ресей мен Қытай бастаған санаулы ел қолдайды.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз