Елордалық келіншек мас күйінде үш адамды қақты

0

Ішіп алып, үш адамды көлікпен қақты. Елордада болған жантүршігерлік жол апаты кешелі бері ғаламторды шулатып жатыр. Біреулер жүргізуші наша шеккен десе, енді біреулер зардап шеккендер өте көп дейді. Болған оқиғадан хайп жасап, парақшасына адам жинағысы келетін арамзалар тіпті ойға келмейтін нәрелерді жазды. Ал шынында қалай? Біздің тілшіміз оқиға орнына барып, жауаптылармен тілдесіп, балалардың туыстарын да іздеп тапты. Бәрімізді алаңдатып отырғаны да сол көлік жаншыған тұрғындардың амандығы ғой. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

 

Бұл — оқиға орнынан әлеуметтік желіге лезде тарап кеткен алғашқы кадрлар. Кеше кешкі 9-дар шамасында болған жол апаты көпшілікті есеңгіретіп тастады. Оқиға орнында көлік қозғалтқышының майы төгілген.

 

Жұртты елең еткізген кешегі жол көлік оқиғасы дәл осы Қосшығылұлы көшесінің бойында болған. Ішімдікке сылқия тойып алған әйел адам көлік тізгініне ие бола алмай қарсы бағытқа шығып кетіп, тұрғын үйдің ауласында тұрған көлікке барып соғысқан. Оған дейін темір тұлпар жолындағының барлығын жайпап өткен. Мәселен, кәріз құдығын қиратып, одан қала берді бағаналарды сұлатып түсірген. Қазір мұнда коммуналдық қызметкерлер қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал, жол көлік оқиғасынан 4 адам зардап шеккен. Олар ауруханаға жеткізілген».

 

Ауыр жарақат алған 3 бала да бір-біріне туыс болып келеді. Үлкені 20 жаста, одан кейінгісі 19-да, ал, ең кішкентайы екіге толмаған бүлдіршін. Соққының қатты болғаны соншалық оқиға куәгерлері зардап шеккендерді жүк көлігінің астынан алып шыққан. Қазір өмір үшін арпалысып жатқандардың туған-туыстары қайғыдан қан жұтып отыр. Кінәлілер қатаң жазалансын, — дейді.

 

ГҮЛЖАМАЛ МҰХАМЕДЖАНОВА, ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ ТУЫСЫ:

«Бәріміз дүрлігіп, ағайын туыс бауыр болып кешеден шапқылап жатырмыз. Кешегі қағынған әйелді де көрдік. Сонша мас болып неге отырады екен рөлге? Қандай үш бүлдіршіннің түбіне жеттің ау. Кем қылып тастады ғой. Кіп-кішкентай екіге де толмаған баланы айтсайшы. Алладан тілеп көптен күткен бала еді».

 

Балалар жол апатының алдында ғана далаға серуендеуге шығыпты. Өздерімен бірге тағы бір қыз болған. Бірақ, оның періштесі қағып аман қалды. Ал, туыстарына тәртіп сақшылары көшедегі камералардың біріне түскен аварияның видеосын көрсеткен.

 

ГҮЛЖАМАЛ МҰХАМЕДЖАНОВА, ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ ТУЫСЫ:

«Қайта ана кішкентай, ортаншы қызымыз қыздармен ұрсып қалып, шөпке қарай шығып кетіпті. «Я как дубто почувствовала» дейді. «Я когда повернулась, я не успела сказать что машина едет» дейді. Кеше ДВД-да жігіттер көрсетіп жатыр, видеосьемканы. «Құдай салмасын, үлкен қызымыз 3 метр биіктікке ұшып барып, шүберек қуыршаққа ұқсап асфальтқа барып бір ақ түсті ғой».

 

Зардап шеккен балалар алған жарақаттарының ауырлығына қарай, елордадағы түрлі емдеу мекемелерінде жатыр. Ең үлкенінің жағдайы мүшкіл, — дейді ақ халаттылар.

 

АЙЖАН ИСА, ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

«Бала, №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Бала, бас сүйегі ми жарақатын алған. Аяғы сынған, травматикалық шок бар. Қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Қазір, жансақтау бөлімінде жатыр. Бүгін, біз оны нейрохирургия бөліміне ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Қалған адамдар әртүрлі жарақатымен Травматология және ортопедия ҒЗИ жеткізілді».

 

Төрт бірдей адамды ауруханаға түсірген көлік жүргізушісі жөнінде ақпарат аз. Белгілісі, ол 1986 жылы туған әйел адам. Рөлге мас күйінде отырғаны белгілі. Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің үстінен  қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

 

ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

«Осылайша үш адамды қағып кетті. Олар 2001-2002 жылғы туылған және сонымен қатар 2 жасар бүлдіршін. Сонымен қатар, Мазда көлігінде отырған жолаушы да ауруханаға жеткізілді. Қазірде бұл факт бойынша ҚР ҚК 345 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, 1986 жылы туылған жүргізуші, орташа дәрежедегі мас күйінде болған».

 

Туыстарының сөзінше, жарақат алған балалардың үлкені биыл соңғы курста оқыған. Өндірістік тәжірибеде жүрген. Ал, екіншісі, қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде студент. Ал, үшінші бүлдіршін отбасының көптен күткен ұлы екен. Ақ халаттылар балалар аяғынан тұрып кетуі үшін қолдарынан келгенін жасап жатқандарын айтады.