Елордада үш жүзден астам дәрігер коронавирус жұқтырды

0

Қазақстан астанасында дәрігерлер арасында коронавирус жұқтыру салдарынан көз жұмғандар тіркелмеген  

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында 330 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Бұл туралы астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қалада барлығы 330 медицина қызметкері індетке шалдықты. Олар Нұр-Сұлтандағы барлық медициналық мекемелердің қызметкерлері: республикалық, қалалық, ведомстволық»», – деді Қисықова онлайн брифингте.

Соның ішінде қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардың 200 қызметкері вирус жұқтырған.

Қисықова астаналық дәрігерлер арасында коронавирустан қайтыс болғандар жоқ екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз: Президент дәрігерлер үшін қылмыстық жазаны өзгертуді ұсынды

Сондай-ақ елордадағы ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында 40 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пралиеваның айтуынша, індетке шалдыққан қызметкерлер профилактикалық мақсатта жүргізілген тексеріс кезінде анықталған.

«Барлық эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. 40 қызметкердің барлығы үй карантиніне алынды, ауру белгілері байқалмайды», – деді ол.

Соңғы деректер бойынша Нұр-Сұлтанда 2 620 адам коронавирус жұқтырды. Оның ішінде 1 829-ы дертінен айығып шықса, он төрт адам қайтыс болды.



sputniknews.kz