Елімізде синтетикалық есірткіні қолданушылардың қатары көбейді

0

Еліміз есірткінің жаңа түрімен күресуге дәрменсіз.

Елімізде синтетикалық зат тез таралып, психотроптық дәрі нұсқаусыз оңай сатылып жатыр. Дәрігерлер осыны айтып дабыл қаққанымен, заң осал болған соң жастар соның жетегінде кетуде. Тіпті 15 жасқа толмаған жеткіншектерге дейін есірткіге елітіп жүр. Бұл туралы zakon.kz, kaztrk.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Қатарында қыздар да бар. Аңдаусызда татып көріп, артынша шатылып қалғандардың жағдайын қараңыз. Еліміз есірткінің жаңа түрімен күресуге дәрменсіз. Ол шегетін немесе егетін кәдуілгі түрінен бөлек. Иісі де, дәмі де жоқ. Бірақ, аса қауіпті. Өйткені, өсімдік емес, химиялық қоспадан жасалған. Дәніккеннің денесін көп ұзатпай ірітіп жібереді.

Роман: – Ағзам азды, жүйкем тозды. Аз уақытта 20 келідей тастадым. Қазір тісім шірік-шірік. Теп-тегіс, сап-сау еді.

Роман бар-жоғы 20 жаста. Синтетикалық затты қабылдап, ақырында Наркология және психотерапия орталығына қамалып қалды. Оны ата-анасы сот шешімімен күштеп әкеп салды. Әйтпесе, баласы көз алдында солып бара жатқан. Романның тұтынғаны «тұз», деп аталады. Алайда, атауын білгенмен құрамы оған беймәлім еді. «Бірақ, бағасы бұрынғысынан арзанырақ», -дейді.

Роман: – Жарты грамы 5000-нан 8000-ға дейін тұрады. Толық грамы 11000-нан бастап 14 мың аралығында. Табу еш қиындық тудырмайды.

Жарнамасы адым жерде жазулы. Көше жолдарына, жиектас, домофон және саябаққа да қалдырады. Түрлі мәліметпен қызықтырып, қақпанға түсіреді. Кейде жұмбақ күйінде де кіреберістерге жазып кетеді. Таралымы жағынан Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Петропавл қалалары көш басында тұр. Жуырда Жамбылға да жайылды. Полицейлер пәлені жоюмен жағаласып жүр. 1600 сайт анықталып, 1500-і жабылды. Зиянды заттарды таратқан 76 адам ұсталды. Әйтсе де, биыл елімізде есірткі және психотропты заттарды қолданатын 30 мыңға жуық адам есепте тұр. Қатарында 15-ке толмаған балалар да бар.

Гаухар Бектаева, қалалық Наркология және психотерапия орталығы бас дәрігерінің орынбасары: – Биылғы 9 айда бізге 20 адам қаралып отыр. Ал, былтыр бес-ақ адам қаралған. Бұл бізге тіркеліп келіп, отырғандар саны. Ал, тіркелмей жүрген адамдар саны әлдеқайда көп. Өйткені, бізге жасырын түрде келетіндер де бар. Біз оларды тіркемейміз, ем алып кетеді.

Синтетикалық заттың Қазақстанда таралғанына үш жылға жуықтады. Бұл шөптен жасалатын есірткінің орнын басып барады. Уды шағын орындарда дайындап, ғаламтор арқылы ысырып жатыр. Ол есірткіні шегеді, иіскейді, көктамырға тығады.

Динара Аяғанова, дәрігер-психотерапевт: – Өліп кететіндей, біреу қуып жүргендей түрлі фобияға душар болады. Көп сөйлейді, мінезі бұзылады. Иммунитеті әлсіреген соң инфекциялық аурулармен ауруға бейім келеді. Негізі, көбісі емделмей уақыт созып жүріп алады. Себебі, бізге келсе тіркеледі ғой. Ал, бұл олар үшін алда жұмысқа орналасуына, басқа да жоспарларына кедергі келтіреді. Сөйтіп, ауруы дендеп кетеді.

Бірақ, Тимур наркологиялық диспансерге түсіп, аман қалды. Қазір басынан өткізген келеңсіз кездерін есіне алғысы келмейді. Үрей бойын әбден билеген. 22 жастағы жігіт шөпті де шеккен, «тұзды» да татқан. Бірақ, түбі психотропты заттарға байланыпты. Атауларын жатқа айтады.

Тимур: – Алу оңай болған соң қолданып көрдім. Қаланың көптеген дәріханаларынан еш қиындықсыз тіпті, балалар да алады. Мемлекет бұған немқұрайлы қарамаса екен. Менің басыма тиген соң айтып отырмын.

Мамандар да «әр отбасыда есірткінің кеселі туралы ескертіліп отыруы керек», – деп санайды. Алайда, қоғам болып күрескенмен мемлекет қолға алмаса қауіп сейілмейді.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз