Елімізде мұқтаж отбасыларға тағы бір мәрте 50 мың теңгелік жәрдемақы берілетін болды — Қазақстан жаңалықтары

0

Елімізде «Birgemiz» қорынан мұқтаж отбасылар үшін тағы бір мәрте 50 мың теңге төленетін болды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Біргеміз

Байбектің Instagram-дағы жазбасына сүйенсек, әлеуметтік көмек осымен үшінші мәрте тағайындалыды екен. 

«Құрметті достар! Өздеріңізге мәлім, Елбасының бастамасымен мемлекет басшысы қолға алған дағдарысқа қарсы шараларға қосымша «Birgemiz» қоры мұқтаж қазақстандықтарға қарқынды көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Көмек көрсетудің бірінші және екінші кезеңі аясында 23 қаладағы 360 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден біржолғы төлемақы алды. «Jas Otan» маңына топтасқан 5 мыңнан астам волонтер 240 мың отбасыға азық-түлік себеттерін, медициналық маскалар мен бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізіп берді. Халықтың қорғанысы әлсіз бөлігіне жататын 100 мың отбасыға тегін 5 миллион маска үлестірілді» , — дейді Байбек.

Біргеміз

Бұған қоса ол мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі тапсырғанын атап кетті. 

«Түркістан облысының су басқан ауылдарының тұрғындарына нұротандықтар азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары мен жеке гигиена құралдары түрінде 1000 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. «Birgemiz» қорының қаражаты есебінен Достық ауылының тұрғындары жаңа тұрғын үйлермен қамтамасыз етілетін болады. Кеше Елбасы, партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаев 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлемақы берудің үшінші кезеңін ұйымдастыруды тапсырды. Осы аптаның өзінде шағын қалалардың, ауылдар мен ірі қалаларға іргелес елді мекендердің мұқтаж тұрғындарынан тұратын 110 мыңдай отбасыға қосымша атаулы қаржылық көмек көрсетілетін болады», — дейді партия өкілі.

Біргеміз
Бауыржан Байбектің сөзінше, алдағы уақытта жәрдемақы жағдайы төмен қазақстандықтар үшін төртінші рет төленуі мүмкін екенін жеткізді. 

«Nur Otan» партиясы мен тұңғыш президент Қорының ұйымдық қолдауымен «Birgemiz» қорының іске асырып жатқан тиімді де ашық жұмысы ірі меценаттардың көкейіне сенім ұялатып отыр. Осылайша таяу уақытта тағы да қосымша қаражат түседі деп күтілуде. Осыны ескерген Елбасы тікелей ауыл тұрғындарына басымдық бере отырып, мұқтаж қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетудің төртінші кезеңін іске асыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды», -деді Байбек. 

Еске салайық, бұған дейін «Birgemiz» қорынан 330 мың отбасыға көмек көрсетілгені айтылған еді. 

stan.kz