Елбасы коронавирустың салдары қашан сезілетінін айтты – видео

0

Екінші тоқсанда жағдай қиындап кетуі мүмкін. Себебі, ол кезде қазіргі карантинтік шаралардың салдары сезіле бастайды

НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкімет басшысын қабылдады. Кездесу кезінде қазіргі пандемия және оның экономикалық салдары сөз болды, деп хабарлады Elbasy.kz сайты.

«Барлық жасалып жатқан жұмысты көріп отырмын, байқап отырмын. Президентпен бірге келісіп жасап жатырмыз. Уақытында жасалған шаралардың арқасында бізде коронавирустың таралуы саябырлады. Өткенде президенттің айтқанының бәрін жергілікті жерлерге жеткізу керек. Мен әкімдердің бәрімен сөйлесіп, сол жайында айттым. Елге түсіндіріп, жұмысты жалғастыру қажет», – деді Назарбаев.

Қазақстанның тұңғыш президенті экономикаға да тоқталды. Оның айтуынша, үш айдың көрсеткіштері жаман емес. Алайда екінші тоқсанда қиындап кетуі мүмкін. Себебі, ол кезде қазіргі карантинтік шаралардың салдары сезіле бастайды.

Оқи отырыңыз: Ертең Қазақстан халқына үндеу жасаймын – Назарбаев

«Мен қаңтар, ақпан мен наурыздың жұмысын қарап шықтым. Экономикамыз жаман емес. Әрине, карантиннің салдары әлі тиген жоқ, екінші тоқсанда қиын болады. Сондықтан азық-түлік мәселесі, әсіресе, шағын бизнесті аяқтан тұрғызу мәселесі керек болып отыр. Қазіргі жағдайдан кейін не істейміз? Осыны ойлануымыз керек. Экономика төмендеп кетеді. Ол 2008 жылғы әлемдік дағдарыстан да ауыр болатын шығар», – деп атап көрсетті Назарбаев.

Айта кетейік, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 8 сәуірде Қазақстан халқына үндеу жасайтынын мәлімдеді.



sputniknews.kz