Елбасы Еурокомиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесті

0

2018 жылғы 13 қараша 13:51 12

Елбасы Еурокомиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат — Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Жозе Мануэль Баррозуға Астана клубының отырысына келгені үшін ризашылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасының Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан үлесін атап өтті.

— Мен Сізбен тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіз әрдайым Қазақстанға қолдау көрсеттіңіз. Соның арқасында еліміздің Еуропа одағымен серіктестігі жөніндегі келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда бұл құжат ратификациялану үдерісінен өтіп жатыр, — деді Қазақстан Президенті.

Жозе Мануэль Баррозу кездесуге және Астана клубының жұмысына қатысуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

— Сізбен қайта кездесу — мен үшін зор мәртебе. Брюссельге тарихи сапармен келгеніңіз есімде. Сол кезде Қазақстан мен Еуропа одағы арасында ынтымақтастық орнату жөнінде тарихи шешім қабылданған болатын. Бүгінде Қазақстанның тұрақтылықты сақтап, өңірде маңызды рөл атқарып отырғанын көргеніме қуаныштымын, — деді Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы.