Екі апаттан соң әуе компаниялары Boeing 737 MAX ұшағын алмай қойды

0

Биыл наурызда америкалық Boeing корпорациясы өзінің ең танымал Boeing 737 MAX ұшағына бірде-бір тапсырыс алмаған.

Ұшаққа сұраныстың болмауы осы лайнердің екі рет – 2018 жылы қазанда Индонезияда және 2019 жылы наурызда Эфиопияда апатқа ұшырауы себеп. Екі апатта жалпы алғанда 346 адам қаза тапқан. Алдын ала жарияланған деректерде ұшақтың автоматтандырылған жүйесіндегі ақау апаттарға себеп болуы мүмкін екені айтылады.

Компанияның 9 сәуірде таратқан хабарламасында 2019 жылдың 1-тоқсанында 10 ұшаққа ғана тапсырыс түскені жазылған. Былтыр компания осы уақытта 112 лайнер дайындауға тапсырыс алған еді. Наурызда бірде-бір тапсырыс түспеген. Мамандардың болжамынша, автоматтандырылған жүйені жаңартып, лайнерді жөндеуде ұстап қалғаны үшін өтемақы мен басқа да шығындарды төлеп, ұшақтарды қайта пайдалануға жіберуге компания 3 миллиард доллар жұмсауы мүмкін. Ұшақтар қыркүйекке дейін тоқтап тұруы ықтимал.

8 сәуірде Boeing компаниясының акциялары 5 пайыз төмендеді. Ертеңіне, 9 сәуірде акциялары тағы да бірнеше пайыз құнсызданды.

Azattyq