Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы концерті – видео, фото

0

Әрбір нөмірден кейін Димаш «Менің Отаным – Қазақстан!» деп айқайлап, жиналған жұртты өз еліне қонаққа шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы концерті үлкен аншлагпен өтті. Нью-Йиорк қаласындағы Barсlays center аренасында ине шаншар жер болмады, деп хабарлады Dimashnews.com.

Димаштың арманы орындалды

Димаштың сахнаға шыққан әрбір сәті шоумен өтті. Ол бірнеше тілде ән айтты. Бірақ ұлттық әуендер басым болды. Ал қазақ тілінде ән айтқанда көрермендер Димашқа қосылып отырды. Себебі фанаттардың басым бөлігі ол шығармаларды жатқа біледі. Олардың ішінде әннің сөзін түсіну үшін қазақ тілін меңгеріп жүргендер де аз емес. Ал «Дайдидау» әні шырқалғанда өзге елдің азаматтары да көзіне жас алды.


©
Photo : Dimashnews.com

«Дайдидау» әні шырқалғанда тыңдармандар көзіне жас алды

«Бала кезінде Димаш осы «Дайдидау» әнін барша әлем шырқаса екен деп армандаған екен. Оның арманы орындалды! Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар қазақ әндерін айтып, бақыт мен қуанышқа кенелді!», — деп жазды материалдың авторы.

Әрбір нөмірден кейін Димаш «Менің Отаным – Қазақстан!» деп айқайлап, жиналған жұртты өз еліне қонаққа шақырды.

Концерт кезінде «Адай» күйі шертілді. Димаш «Елім менің» әнін айтқанда LED экрандарда Қазақстанның туы мен кең даласы көрсетілді. Осы кезде Америкада тұратын қандастарымыз тоқтамай жылады, көз жасын жасырған жоқ.

Димаш үшін концертін кейінге шегерді

Димаштың концертіне танымал перулық әнші, Грэмми сыйлығының иегері Ева Айлон да келді. Концерт кезінде екі әнші кездесті.

Айлонның айтуынша, Димаш оған өмірдегі ауыр кезеңнен сүрінбей өтуге көмектесті.

«Анам қайтыс болғанда қатты күйзеліске түсіп кеттім. Сүйікті әндерім де көмектескен жоқ. Мен үшін өте ауыр кезең болды. Осы кезде Фэйсбуктен Димаштың бір әнін көріп қалдым. Оның S.O.S  деген әні мені кәдімгідей құтқарды, күйзелістен шығуға көмектесті. Содан бері мен Димаштың әндерін тыңдаймын», — дейді Айлон.

Осы аптада танымал әнші өзінің жеке концертін өткізуді жоспарлаған. Бірақ Димаштың Нью-Йоркте өнер көрсететінін естігенде өз концертін кейінге шегеріп, қазақтың әншісін көру үшін АҚШ-қа арнайы ұшып келді. Ева өз сыйлықтарын да алып келді.

Оның айтуынша, Перуде Димаштың үлкен фан-тобы бар. Олар әншінің шығармаларын өз тіліне аударып отырады. Негізгі мақсат – әндердің мағынасын тыңдарманға жеткізу.

Димаштың анасы Светлана Айтпаева әншінің шын ниеті үшін алғыс айтып, оған да арнайы сыйлықтарын табыстады.   



sputniknews.kz