Депутат «зиянды» азық-түлікке арнайы белгі қоюды ұсынды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Мұратбай Жолдасбаев дүкен сөрелеріндегі зиянды тағамдарға қара белгі қою керек екенін айтады. Ол өнімнің құрамында тұз және қауіпті қоспалар тым көп екенін білдіреді

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Сенат депутаты Мұратбай Жолдасбаев құрамында қанты, тұзы және түрлі зиянды қоспалары көп азық-түлік өнімдеріне арнайы белгі қоюды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор адамдардың дертке шалдығуына күнделікті тұтынатын азық-түлік те себеп болатынын атап өтті. Айтуынша, өркениетті елдерде денсаулыққа зиян тауарларға арнайы белгі қойылады. Бұл таңба тұтынушыларға дұрыс әрі пайдалы таңдау жасауға көмектеседі.

«Зиянды тағамдарға қара белгі қойылады. Ол өнімнің құрамында тұз және қауіпті қоспалар тым көп екенін білдіреді. Таңбалардың «жұмсақ» түрлері бар – жасыл, сары, қызыл. Жасыл белгі тауардың пайдалы екенін көрсетеді», — деді Жолдасбаев.

Ол дүкен сөрелерінде азық-түлікті орналастыру бойынша заңнамалық деңгейде бірыңғай талап бекіту қажет деп санайды.

Осы орайда депутат көрші Ресейде талқыланып жатқан салықтың түріне тоқталды.

«Бұл сұйық қантты, яғни тәтті газдалған, энергетикалық сусындарды тұтынуға акциз. Мұндай акциздер қазір Англияда, Францияда бар», — деді сенатор.

Оқи отырыңыз: Дәрігер балалар күнде жеп жүрген өте зиянды 4 тағамды атады 

Сонымен қатар, Жолдасбаев азық-түлік өнімдерінде тұзды азайтуға қатысты Финляндияның тәжірибесін ескеруді ұсынды.

«Ол жақта тұзды 10 жыл бойы азайтып отырған, нәтижесінде бұл адамдардың денсаулығын жақсартты. Тамақтың құрамындағы тұзды аз-аздан азайта берсе, дәміндегі айырмашылықты ешкім сезбей қалады. Ал қазір біз асқа салып жүрген тұзға йод қосу қажет. Йодтау өнімнің өзіндік құнын өсіргенмен, есесіне мұндай тұз көптеген аурудан қорғайды», — деді ол.

Жолдасбаев денсаулық сақтау министрлігі бұл ұсыныстарды ескеріп, алдағы уақытта іске асырады деп үміттенеді.



sputniknews.kz