Денсаулық сақтау вице-министрі болған Камалжан Надыровтан коронавирус анықталды – Қазақстан жаңалықтары

0

Денсаулық сақтау министрінің экс-орынбасары Камалжан Надыровтан коронавирус анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Камалжан Надыров

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында жазды.

Министрдің мәліметінше, кеше үкімет қаулысымен басқа жұмысқа ауысуына байланысты денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров қызметінен босатылған. Оны Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына басшы етіп тағайындау жоспарланған.

«Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т. Надыровты тағайындау жоспарланған еді. Алайда, кеше кешкісін К.Т. Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты. Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдіремін!», –  деп жазды ол.

Елжан Біртанов осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Ш. Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, министр Алматыдағы COVID-19-ға қатысты жағдайға тоқталды.

«Жалпы, Алматыдағы COVID-19 қатысты жағдай мемлекет және қала басшылығының ерекше бақылауында. Бүгін таңғы мәлімет бойынша мұнда 678 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды, скрининг нәтижесінде науқастардың жартысына жуығы медицина қызметкерлері екені белгілі болды. Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы індеттің ошағы оқшауландырылды, барлық пациенттер, коронавирустық инфекция диагнозы расталған қызметкерлер қаладағы стационарларға орналастырылды және емделуде. Аталған аурухананың ғимараттары толық дезинфекцияланады, стационар содан кейін ғана науқастарды қабылдауға кіріседі», – деді ол.

Еске сала кетейік, қызметінен босатылған Камалжан Надыровтың орнына денсаулық сақтау вице-министрі болып Людмила Бюрабекова тағайындалды.

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз