Денсаулық министрі коронавирустан қайтыс болғандар санын жариялады 

0

1 тамыздан бастап Қазақстанда коронавирус пен коронавирустық пневмонияның статистикасы біріктірілген болатын

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандардың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, наурыз айынан бері республика бойынша 92 662 адамда коронавирус инфекциясы анықталды. 30 мыңға жуық науқас емделіп жатыр. Қалғаны жазылып шыққан.

«Өкінішке қарай, кешегі күнмен есептегенде 1 058 адам қайтыс болды. Бүгінде коронавирусты жұқтырғандардың саны едәуір азайып келеді. Мысалы, бір тәулікте 1 069 адам COVID-ке шалдығады. Ауруханаларда дәрі-дәрмектер жеткілікті. COVID-19 бен пневмонияға шалдыққан пациенттерге арналған 52 мың төсек-орын бар», — деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

3 тамыздағы ақпаратқа сәйкес, бір тәулікте коронавирустан 34 адам, вирустық пневмониядан 21 науқас көз жұмғаны хабарланып отыр. Барлығы — 55 адам.

Айта кетейік, 1 тамыздан бастап Қазақстанда коронавирус пен коронавирустық пневмонияның статистикасы біріктірілген болатын.

Бүгін мемлекет басшысы үкімет азаматтардың карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті екенін айтты. Ол денсаулық сақтау министрлігі мен барлық медициналық мекемелердің басты міндеті – өлім-жітім деңгейін ең төменгі шекке дейін түсіру, деді.