«Дәрігерлерден өкініш, ызалану, агрессия байқалады» – коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге көмек көрсетіп жүрген психологтар – Қазақстан жаңалықтары

0

Карантиндегі ең ауыр жүкті ақ халаттылар арқалап жүр. Айлап отбысын көрмей, ауруханада қонып жүрген дәрігерлердің өздері вирустың құрбанына айналуда. Мұның барлығы олардың жүйкесіне әсер ететіні анық. Осыдан бір ай бұрын елдегі жағдайға байланысты Қазақстан психоанализ институты дәрігерлерге психологиялық тегін кеңес беру қызметін ұсынған. Алайда, айтуларынша, дәрігерлер ішіндегісін ақтарып, уайымымен бөлісуге асығар емес.

Дәрігерлерге тегін психологиялық көмек көрсету – қазақстандық танымал психоаналитик Анна Құдиярованың бастамасы. Өзі басқарып отырған Қазақстан психоанализ институтындағы 20- дан аса психолог ерікті түрде тегін кеңес беруге дайын. Бұл бастаманың іске қосылғалы бері бір айдан аса уақыт өткен. Осы уақыт аралығында жағдайды психоаналитик Гүлжан Досболқызы былай сипаттайды: 

«Тегін консультацияны бастағанымызға бір айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында маған бір ғана дәрігер хабарласты. Мүмкін уақыттары жоқтықтан, әлде интернетке қосылуға мүмкіндік жоқ па, жағдай жасалмаған ба, білмедім маған көп адам хабарласпады», – деген психолог басқа әріптестеріне жүгініп жатқан дәрігерлердің көп екенін айтты.

Психологтың айтуынша, хабарласқан дәрігерлер басында вирусқа байланысты қорқыныштары барын айтқанмен, кейіннен жеке басына қатысты қиындықтарын айтып кететін көрінеді. Бірақ соған қарамастан олардың жан-жарасын емдеп, қорқыныштарын сейілтуге, ең бастысы мұқият тыңдауға тырысамыз дейді психоаналитиктер. Гүлжан Досболқызы дәрігерлерге мынадай кеңес берді: 

«Ең бірінші осы індеттің ертелі-кеш бітетініне сену керек. Екіншіден, өз-өзін құтқару керек, яғни, арнайы қорғаныс құралдарын толық пайдалану қажет. Жоқ болса, басшылықтан талап ету керек. Өйткені бізге келген дәрігерлерден арнайы құрал-жабдықсыз науқастармен жұмыс істейтінін естіп қаламыз. Карантин әлі біткен жоқ сондықтан мүмкіндігінше бізге хабарласып, өзінің вирусқа байланысты уайымын бөліссе, айтса екен, өз өмірін жеңілдетсе екен», – деген психолог хабарласуға қысылудың қажеті жоқ екенін айтады.

Дәрігерлерге тегін психологиялық қолдау көрсетіп жүрген психоаналитик Шырын Айдарова бір ай ішінде он медициналық қызметкер хабарласқанын айтады. 

«Шынымды айтсам, дәрігерлердің психологтарға сенім артып хабарласып жатқаны қуантады. Маған хабарласқан дәрігерлердің бәрі әйел кісілер. Жедел жәрдемде, инфекциялық ауруханаларда істейді», – деген ол алдына келген дәрігерлердің қандай қорқыныштары барын айтты. 

«Қазіргі кездегі ТЖ-ға байланысты дәрігерлердің бұрын ұйықтап жатқан қорқыныштары оянып, одан сайын өршеленіп жатыр. Қорқыныштың әсерінен бұл қиындықты жеңе алмайтындай болып көрінеді. Әрине, олар психологиялық көмекке зәру. Хабарласқан дәрігерлердің оқиғасы әртүрлі. Біреуінде бұрыннан келген қорқынышы өрши түскен, ал басқасы айналасындағы дүрбелеңге қарап қорқа бастаған. Егер денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге уақытында қолдау көрсеткенде қазір оларға соның өзі үлкен жұбаныш болар еді. Олар дәл қазір ешқандай қамқорлықты, қолдауды сезініп жатқан жоқ», – дейді психолог. Жеке қорғаныс құралдарының жетіспеуі олардың қорқынышын күшейткен.

«Олар аурухананың психологтарына барғанымен, мардымды ештеңе ала алмайтындарын айтады. Мекемедегі психологты тыңдап отыруға қолдары тимейді немесе жалпылай сұрап қоя салады деп айтады. Қазір осы тегін көмекті пайданланып, бізге хабарласуға мүмкіндік бар екенін айтқым келеді», – дейді Шырын Айдарова. Кәсіби маманның кеңесі дәрігерлердің өмірін жеңілдетеді деген сенімде ол. 

Психолог Кәмилә Мергенбаева дәрігерлер көбінесе жұмыс кестесінің қолайсыздығын, жұмыстың ауырлығын айтып шағымданатынын жеткізді.

«Ең басты уайымы, біздің істеп жатқанымызды бағаламайды деп қорқады, еңбегіміз көрінбейді деп санайды. Бел жазбай жұмыс істесек те рахметті басқалар алатын сияқты деп түсінеді. Дәрігерлерден өкініш, ызалану, агрессия байқалады. Одан кейін бірінші рет психолог көмегіне жүгініп тұрғандары бар. Сол үшін көп мекемелерге кәсіби психолог керек. Бірақ қазіргі кезде мекемелерде істейтін психологтар жұмыстарын келдім-кеттім істейді», – деп маман әріптестерін тарапынан да қателіктер орын алатынын тілге тиек етті. 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз