Дәрігерлер Алматыдағы науқастардың жағдайын айтты

0

Бүгінгі таңда инфекциямен күрес жүргізіп жатқан мамандарға қосымша сыйақы беру мәселесі талқыланып жатыр

АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. Алматыда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 14 науқас, ал балалар жұқпалы ауруханасында екі бала мен бір баланың анасы емделіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл туралы Алматыда өткен брифингте қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты.

«Коронавиурс жұқтырып, ем алып жатқан екі баланың жағдайы қанағаттанарлық. Дене қызуы жоқ, ауру еш белгісіз өтіп жатыр. Екі жасар бала анасымен бірге, анасы да коронавирус жұқтырған. Алматыдағы он жеті науқастың да жағдайы бірқалыпты», – деді Әбілдаев.

Коронавируспен күреске республикалық бюджеттен 73,5 миллион теңге, ал қалалық бюджеттен 94,5 миллион теңге бөлінген.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті

Алматы бойынша коронавирусқа қарсы күреске 1 300 медицина қызметкері жұмылдырылған. Оның тең жартысы – дәрігерлер.

«Дәрігерлердің науқастардан коронавирус жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, барлығы қауіпсіздік режимін толық сақтап жұмыс істеуде. Жұмысқа келгенде олардың дене қызуы тексеріледі және мамандар қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек екенін біледі. Дәрігерлердің туыстары да бұл шаралармен таныс. Инфекциямен күрес жүргізіп жатқан мамандарға қосымша сыйақы беру мәселесі талқыланып жатыр, – деді ол.

Коронавирус эпидемиясы

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 35 адамға жетті. 18 адам Нұр-Сұлтанда тіркелді, Алматы қаласында – 17 адам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 30 тәулікке жалғасады.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа өңірлеріне коронавирустың таралуына жол бермеу үшін осындай шешім шығарды.

Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатады. Нұр-Сұлтан мен Алматыға осы қалаларда тіркелген азаматтар ғана кіре алады.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз