Данияр Есен карантинге қатысты: Енді бәрі бұрынғыдай болмайды — Қазақстан жаңалықтары

0

Журналист, тележүргізуші Данияр Есен карантиннің тиімді қырларын тізіп шықты. Айтуынша, осы індеттен құтылған соң әлем бұрынғыдан өзгере түседі. 

«Әлемде «перезагрузка» болып жатыр. Әлі аяқталған жоқ. Әлем трансформациялануда. Демек, адамдар да трансформацияға жақындады. Енді бәрі бұрынғыдай болмайды. Әлем халқын бір үйге оқшаулаған карантин көптеген адамдардың санасына сілкініс жасады. Орыс тілінде «переосмысление» деген сөз бар ғой, қазақша аударсақ «басқаша ойлау», «қайта ойлау». Міне, біз дәл қазір ойымызды жаңартып, жаңғыртып жатырмыз. Бұрын ойлануға уақыт болмайтын. Жүгіріс. Жұмысқа баратынбыз, жұмыстан келетінбіз, тойға баратынбыз, тойдан келетінбіз, қонаққа баратынбыз, қонақтан келетінбіз. Әйтеуір бізде уақыт болмайтын. Енді біз даланың, көк шөптің қадірін біле бастадық», — деді журналист.

Данияр Есен Жапония елін үлгі ете отырып, адамдардың табиғатқа, айналаға дұрыс қорғауға шақырды.

«Жапония мектептерінде «Табиғатқа тамсану» деген пән бар. «Табиғат танумен» шатастырмаңыз, «Табиғатқа тамсану» деп аталады. Сол күні балалар телефондарын үйге тастап, мұғалімдерімен бірге далаға шығады. Егер сакура ағашы гүлдеген болса, сол ағашқа ұзақ уақыт тамсанып қарап тұрады екен. Одан бөлек күнделікті жанталас өмірде байқай бермейтін табиғаттың басқа да қыр-сырына тамсанады. Осы пән бойынша баға қойылып, тіпті емтихан алынады екен. Солай демекші, карантиннен шықсақ, біз де табиғатқа ұзақ уақыт тамсанып қарайтын шығармыз. Бұрынғыдай қоқыс тастап, даланы ластамайтын шығармыз. Карантин бізге көп нәрсені үйретті», — деді 

Тележүргізуші індет жайлаған тұста мұғалім мен дәрігердің қадірі артқанын бағамдады. Әсерісе, көпшілік мұны мойындай түсуде. 

«Қазір адамдарды көрсең, 2 метрден қашасың. Субординация жасауды үйретті. Гигиеналық талаптарды үйретті. Тұмауратып жүргенде, жөтелгенде маска киюді үйретті. Өмірде жарқ-жұрқ еткен әнші-актёрлардан бөлек, қоғамда ДӘРІГЕР, МҰҒАЛІМ сияқты мәртебелі мамандық иелері бар екенін көрсетті. Сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін офисте жабысып отырмай-ақ, үйде де сол жұмысты онлайн жасауға болатынын үйретті. Дабыра-даңғазасыз да, мың адамға той жасамай-ақ, өмір сүруге болатынын үйретті. Сіздің ойыңызша, карантин тағы нені үйретті?», — деп жазады ол.

stan.kz