COVID-19 жұқтырған медицина қызметкерлері қандай ауруханаларда жұмыс істейді

0

Республика бойынша 211 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Бұл барлық науқастардың 20,5 проценті

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің коронавирусты қалай жұқтырғанын анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуынша, тексеріс кезінде ең бірінші медицина қызметкерінің коронавирусты қай жерде жұқтырып алғаны да анықталды. 

«Ең бірінші жағдай Алматыдағы балалардың инфекциялық ауруханасында тіркелген болатын. Ресми мәліметке сәйкес, ауруды жұқтырудың басты себебі – медицина қызметкерлерінің тәулік бойы стационарда жүруі. Дәрігерлер стационардың ішінде жата берген. Бұдан бөлек, мамандар көп жұмыс істеген, қатарынан 10 сағат, тіпті тәулік бойы қызмет еткен», — деді Бюрабеков бүгінгі онлайн брифингте. 


©
Photo : Пресс-служба акима Северо-Казахстанской области

Коронавирус расталған науқастарға арналған аурухана, Петропавл қаласы

Бұдан бөлек, дәрігерлерді жеке қорғаныс құралдарымен толыққанды қамтамасыз етпеу және сол құралдарды дұрыс пайдаланбау фактілері болған. Осының бәрі ауруды жұқтыруға әкеліп соқтырды.

«Қарағанды облысында тура солай болған. Ал Атырау облыстық ауруханасында жүкті әйелдің коронавирус инфекциясы болса да, медицина мамандары оған дұрыс мән бермеген. Аурухана қызметкерлері қауіпсіздік шараларын сақтамай, қызмет көрсете берген. Нұр-Сұлтандағы «Мейірім» медициналық орталықтың мамандары да пациентті қабылдаған, бірақ сақтық шараларын ескермеді «, — деп атап көрсетті Бюрабекова.  

Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін республика бойынша 211 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Бұл – барлық науқастардың 20,5 проценті. Басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы, Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында тіркелген. Олардың ішінде науқастарды емдеп жүрген мамандар мен санитарлар бар. Алайда науқастарды емдеу шараларына қатыспайтын медицина мамандары да коронавирусты көп жұқтырған.  

«Атап айтқанда, осы уақытқа дейін пациенттерге емдеуге қатыспайтын 82 медицина қызметкерінан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан (36 адам) мен Алматыда (33 адам) жұмыс істейді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық кардиохирургия орталығында 8 маман, ұлттық онколгия және трансплантология орталығында 16 қызметкер және «Мейірім» медициналық орталығында 7 адам ауырып қалған», — деп атап көрсетті Бюрабекова. 

Ал Алматыда орталық қалалық ауруханада 37 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырып алған. Жалпы, тексерістің нәтижесінде медицина мекемелерінің басшылығы тәртіптік жазаға тартылды. Бірнеше тексеріс бойынша материалдар сотқа жіберілді.



sputniknews.kz