«Британдықтар үшін бала өмірдің қызығы емес»: Лондонда тұратын жерлесіміз жаңа діні, британдықтардың салттары, бала тәрбиесі жайлы — Қазақстан жаңалықтары

0

Лондонда тұратын отандасымыз Райхан Лейнг (Raikhan Laing) британдық азаматқа тұрмысқа шыққан. Қазақ әйел ағылшын отбасына қалай үйреніскенін, өзі тұратын мекеннің жағымды және жағымсыз тұстарын, британдықтардың дәстүрі мен олардың басқалардан ерекшелігі жаййында Stan.kz редакциясына сұхбат берді.

 – Райхан, осыған дейін немен айналыстыңыз? Ұлыбританияда тұру, шетелдік азаматқа тұрмысқа шығу жоспарыңызда болды ма? 

 – БҚО-да Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Жалпы Ресейде біраз жыл тұрып, сонда оқуға түстім, заңгер мамандығын бітірген менің арманым сотта істеу болды. Қазақстанға оралып, мұнай компаниясына жұмысқа тұрдым. Мен әрдайым өзімді Қазақстанмен байланыстыратынмын, анамнан тысқары еш жерге кеткім келмейтін, себебі екеуміз бір-бірімізге етене жақын болдық.  

Жұбайым екеуміз танысқанда мен 25-тен асқан едім, өзімнің пәтерім болды, тұрмысқа шығуға асықпадым, себебі бір жағы өзімді қамтамасыз ететіндей жағдайда болдым. Жыл өткен сайын жолыққан кез келген адамға тұрмысқа шықпаймын деп шештім. Жақындарым, таныстарымның арасында тұрмысқа сәтсіз шыққандар көп болды, соның ішінде шетелдіктермен отбасын құрғандардың жағдайы, әсіресе, қиын боп жатты. Осы кезде анам да «Абай бол, шетелге шыққан қыздардың баласын тартып алады екен» деген сынды ойларымен кеудемде күмәнді өршітті. Филипп пен оның отбасы жайлы толығырақ білгім келді. Күйеуімді кездестірген соң өсіп келе жатқан мансап жолын толықтай тастауға тура келді, оған еш өкінбеймін де. 

Әжем әрдайым маған күйеуің қандай ұлттан болса да, бастысы адам болсын деп айтатын. Менің күйеуім Филипптің отбасы дәстүрді жақсы ұстап, отбасылық құндылықтарды басты орынға қояды. Күйеуім орыс тілін білмесе де, отбасыммен танысқысы келді. Бастапқыда скайппен танысып, одан кейін әке-шешелеріміз кездесті. Өзімнің жақындарым баталарын берген соң ғана Ұлыбританияға кеттім. Бұл уақытқа дейін жұмыс бабымен, таныстарымның шақыруымен бірнеше рет Ұлыбританияға сапармен жолым түскен болатын. Мен көрген елдің ішінде дәл Ұлыбританияда тұруға керемет қалауым болды деп айта алмаймын. Себебі алабұлттанған күн маған ұнамайтын. 

Осында қалыңдық визасы бойынша келдім. Келген уақытта үй шаруасындағы әйел болу ауқаттылықты талап ететінін жұбайымнан білдім. Күйеуіммен келісіп, жұмыс істемей, үй шаруасына бас-көз боламын деп шештім. 

Тұратын қаланы таңдаған кезде бірнеше себептерге сәйкес, Лондонда тұрамыз деп шештік. Біріншіден, Филипптің жұмысына қажетті адамдар осында болды, ол — заңгер, бас кеңесші болып жұмыс атқарады. Екінші себеп, Лондонда біздің шіркеуіміз орналасты. Тағы бір себеп мұнда орыстілділер көп. Күйеуі бастапқы екі-үш жыл үйреніскенім дұрыс болады деп, бейімделгенімді қалады. 

 – Аралас неке қаншалықты жиі кездеседі?

 – Аралас некені көп кездестіруге болады: әйелі жапон, күйеуі ағылшын немесе күйеуі австралиялық, әйелі америкалық көршілеріміз бар. Мен өзімді ыңғайсыз сезінбеймін. 

Күйеуімнің туған жері Шотландияға барған кезде көбі таңғалып жатады «қазақ» деген кім деп. Күйеуімнің туыстарына «Біздің келін Қазақстаннан» деп айтып жатады, көп адамға бұл қызық боп көрінеді. Әіресе, қонаққа барған кезде таңдана сұрайды. 

Көп адам шетелдік азаматқа тұрмысқа шығу керемет деп ойлап жатады, ондай өмірдің қиындығы жоқ сияқты көрінеді, алайда мінсіз өмір болмайды. Кімге күйеуге шыққалы жатқаныңды алдын ала біліп алуың керек. Күйеуінің қолдауы ауадай қажет, ол сені қолдаса бәрі жақсы болады. 

 – Қазақстан жайлы британдықтарда қалыптасқан өзіндік пікір бар ма?

 – Менің ортамдағы адамдар білімді болды, сондықтан Қазақстан жайлы біліп, көріп отыратын. Көбінесе мұнда мынандай тенденция бар: қонаққа бара жатқан жеріңе міндетті түрде дайындалып барасың. Мысалы, күйеуімнен олардың отбасылары, балалары жайлы сұрап аламын. Қандай сұрақтар қою керек екенін күйеуім алдын ала айтып қояды. Ал олар да өз кезегінде Гуглдан қарап, Қазақстан жайлы біліп отырады. Яғни қонаққа барғанда түк білмей, сұрақ қойып ыңғайсыз жағдайға қалдырмайды. 

 – Жұбайыңыздың отбасы сізді қалай қабылдады? Енеңіз бен қайын жұртыңызбен ара қатынасыңыз қандай?

 – Күйеуімнің отбасы мені жылы қабылдады. Филлип мен оған тұрмысқа шықпай тұрып, туыстарына апарып, жиен, бөлелерімен таныстырды. Мен де солай істедім. Пасха, Туған күнге, Рождествоға барып тұрдым. Яғни бір жылда екі-үш рет барған екенмін. Мұнда келін мен ененің жақсы араласуы өте сирек кездеседі. Әркімнің өзінің жеке кеңістігі болады. Бірақ менің енем келіндерімен жақсы араласады. Мұнда адамдар бір-біріне тікелей ойын айтпайды. Осыдан болар дауға да келмейді.

 – Сіздің христиан дінін ұстанатыныңыз отбасыңызбен жақындай түсуге әсерін тигізді ме?

 – Бұл өте маңызды рөл атқарады. Әрине, қазір маған желіде қазақтардан негативті пікірлер көп келеді. Қазақ бола тұра, христиан дінін ұстануды көбі түсіне бермейді.

Кішкентай кезімнен бері әжем маған Құдайға дұға ет деп үйреткен, ол кезде нақты білімім болмаса да, дұға етіп жүретінмін. Жалпы әлемнің пайда болуы, Құдай тақырыбы маған бала кезден қызық болды. Меніңше, әркімде осындай ойлар болады. Жұмыс істеп, мешітке барып, садақа беріп жүрген кезде, неге адамдар «Құдай алыста және ол қол жетпес деп ойлайды екен» деген сұраққа жауап іздедім. Провослав шіреуіне де бардым, ол жерде де ешкім менімен сөйлескен жоқ. 

Анам мені бір сектаға кіріп кетеді деп қатты алаңдайтын. Інжілді ашып, оқыған кезде ғана Исаның барлық адамдарға келгенін түсіндім. Осы кезде Филлиппті кездестірген кез еді. Ол өзінің дінін маған таңып қойған жоқ. Жәй ғана «Бұған не сену керек, не сенбеу керек. Кітап оқып көр» деп ұсынды. Осы сөздер маған әсер етіп, осыдан бастап Исаның жолымен жүремін деп шештім. Туыс әпкем қарсы болды, оған барлығын түсіндірдім, кітапты ашып көрсеттім.

Бір қызығы, өмірімде әр түрлі белгілер болған екен. Мәселен, бірнеше рет жұмыстан мені шетелге жібермекші болған, бірақ белгілі-бір себептермен бара алмай қалып жататынмын. Содан кейін Ұлыбританияға күйеуге шықпас бұрын тіл үйрену мақсатында келгенім бар, байқасам үйге Британия жалауын алып келген екем. Бұл да бір белгі болған шығар.

Бір отбасының сенімі, діни көзқарастарының түйіскені өте дұрыс, бұл бізді біріктіреді. Өмір сүру қағидаларымыз бен құндылықтарымыз бірдей болады. Шіркеуде нешетүрлі ұлттар бар, солармен қарым-қатынасым керемет, күйеуімнің арқасында іш пысуға уақыт болмайды, ортам тамаша.

 – Ұлыбританияда сізге не ұнады және ұнамаған қандай тұстар болды? Осы уақытқа дейін етіңіз үйренбеген нәрсе болды ма?

 – Мұнда маған өмір сүру деңгейінің жоғары екендігі ұнайды. Тазалық, тәртіп, азаматтардың заңды ұстанатыны ұнайды. Кез-келген салада заңға жүгінеді. Мысалы, карантин уақытында тұрғындарға үйде отырыңдар деді, олар тіпті туыстарына да бармай, үйлерінде отырды. 70-тен асқан егде жастағы адамдар оқшаулануы тиіс деген талапқа сәйкес, барлығы оны орындап, құлақ асты.

Одан бөлек, супермаркеттері ерекше ұнайды. Ондағы азық-түліктің, тауарлардың әртүрлілігі, сапасының жоғары екендігі ұнайды. 

Ал ең бастысы мұнда қызмет көрсету деңгейі жоғары. Мәселен, бірде біз ұлыма ойыншық гараж алып бермек болып, беделді дүкеннен тапсырып бердік. Оны үйге әкелген соң, құрастырып жатқанда бүлінген екенін байқадық. Дүкенге хат жазып, жағдайды айтып түсіндіргенде олар лезде жауап жазып, бізге бірнеше нұсқа ұсынды. Бұл жағдайда олар пошталық шығынды мойындарына алады немесе қаражатты толық көлемде қайтарады. Осылайша біз бірден тауарды алмастырып алдық. Негізі мұнда дүкендерден алған заттардың бүлінген болып шығуы өте сирек кездеседі. Сондай болғанның өзінде қызмет көрсетудің жылдам әрі сапалы болғандығынан мәселе тез шешіледі. 

Адамдармен қарым-қатынастың ерекшеліктері бар. Осы елде жеті жыл тұрсам да, мен ашық адаммын, бірдеңе ұнамай тұрса, бірден айтқым келеді. Бұл жерде сен көзқарасыңды біреуге айтуың әдепсіздік болып саналады, бәрін өз ішіңде сақтауың тиіс. 

Айтқан сөздеріңе абай болу керек. Әсіресе, саясат, дін тақырыптарында өз жақындарыңнан басқа, таныстардың үйінде отырып талқылау, сол жайлы пікір білдіру әбестік болып есептеледі. Олар үшін көпшілік алдында өз ойыңды білдіру дұрыс емес, әдепсіз. Меніңше, бұл британдықтардың ашық еместігін көрсетеді, бірақ өздері адамды ренжітпеу үшін осындай позицияны ұстанатынын айтады.

 – Британдық дәстүр мен отбасылық рәсімдер тұрғысында не нәрсе сізге жаңалық болды, таңғалдырды? 

 – Ең басты таңғалдырған нәрсе британдық ерлер неке сақинасын тақпайды. Бұларда бұл дәстүрдің бір бөлшегі іспеттес. Әйелдер мұра боп қалған сақинаны таға береді, ал ерлер тақпайды. Ең алғаш рет осыны білгенде, қатты таңырқап, түсіне алмайтынмын. Алайда қазір бұл ен үшін қалыпты нәрсеге айналды.

Таңғы ас пен түскі ас кезінде отбасында бәрі бірге отырып тамақ ішуде қызық ерекшелік бар. Барлығы бір үстел үстінде отырып, бірнәрсе талқылап отырып тамақтануы мүмкін, бірақ бәрі әртүрлі тағам жей береді. Мәселен, біреу бутерброд жесе, екіншілері каша, үшінші адам жеміс жеп отыруы мүмкін. Түскі ас кезінде де солай, тек кешкі аста ғана барлығы бірдей тағам жейді. 

Басында маған бұл таңсық көрінді және осы нәрсені қабылдауым қиын болды. Одан бөлек, балалар  бөлек тамақтанады, олардың тамақтанатын арнайы уақыты бар. Мысалы, менің ұлым таңғы ас, түскі, кешкі аста бізден бөлек жеке тамақтанады. Балалар ерте ұйықтайтын болғандықтан, осындай кесте жасап қоямыз. Ұлым дүниеге келмей тұрып, мұны түсінбейтінмін. 

Ол сағат 13:00-13:30-да тамақтанады, оған арнайы бөлек ас дайындаймын. Түскі уақытта ол ұйықтап алады, оны ұйықтатып өзіміз тамақтанамыз, одан кейін сағат 5-те оған кешкі ас беремін. 

 – Британдықтар нәзік қағытпаның шебері деп жатады? Ағылшындар шынымен-ақ, керемет әзілдесе ме?

 – Әлі күнге дейін олардың әзілдерін түсіне бермейтін. Себебі оны түсіну үшін оның неден басталатынын білу керек. Бірақ сен қағытпаны дұрыс түсінсең, өте қызық. Британдықтар бір-бірімен дөрекі қалжыңдасуы да мүмкін. Кейде күйеуім інісімен қалжыңдасқанда, мен оның орнында болсам, ренжіп қалатын едім деп ойлаймын. 

 – Қоғамда британдықтарға ғана тән оларды шетелдіктерден айыратын белгілер қандай?Дәстүр, мәдениет тұрғысынан немен өзгешеленеді?

 – Британдықтар класстарға бөлінеді. Мұндай бөліну еш жерде жоқ шығар. Жәй ғана көшеде келе жатып адамның қай классқа жататынын анықтауға болады, ол киімі мен сөйлеген сөзінен білінеді. Мысалы, Қазақстанда Louis Vuitton киіп алып, көзілдірік тағып, қымбат көлік мініп жүрсең, саған барлық есік ашық. Ал мұнда керісінше, осылай өзіңді танытатын болсаң, сені еш жерде қабылдамайды. Бұл нәрсе, дәулетіңізді көрсету — деңгейіңіздің төмен екенін көрсетеді. Бұл жерде ақшаңыз көп болмаса да, орта таптан сәл жоғары болсаңыз, барлығы сізді алақанында ұстайды. Тегі мықты адамдар бұл қоғамда маңызды рөл атқарады. 

Орта таптан сәл жоғары адамдар — консерванторлар. Олар үшін ақшаңыз болса, оны көрсетпейсіз. Яғни, дүйім жұрт ішінде сіздің қалталы азамат екеніңіз білінбеуі керек, білінбейді де. Ондай адамдарға сырттай қарап, ақшасы жоқ, жағдайы нашар деп ойлауың мүмкін. Олар өзерінің бай екендерін көрсетпейді. Осы сияқты өз күйеуіме қарасам, кейде ол бейшара сияқты жүреді. Азып-тозған киіммен, ескірген костюммен. Мысалы, жүгіргенде киетін шалбарын мектеп кезінен тастамайды. Жаңасын алайық десем, көнбейді. Оларға ескі киімінің әлі де киюге келетіні — абырой, жетістік. Жаңа костюм киюі өзін төмендететіндей сезінеді.

Егер сізде арғы апаңыздан қалған дастархан жабдығы болатын болса, бұл яхтадан да құндырақ болып саналады. Ағылшындар мұра ретінде заттарды ұрпақтан-ұрпаққа беріп отырады: жиһаз, алтын, күмістерін, әжеңнен қалған бәліш рецептерін, түрлі дәстүрлердің сақталуын қадағалайды. 

Қарапайым ғана өмір сүреді, мұнда сенің ақшаң болса, саған барлық жерде жол ашық деген сөз емес. Аристократтар, жергілікті тұрғындар арасында ақшаң болса, қарапайым жүруің керек. 

Британдықтардың мінез-құлқын айқындайтын тағы бір нәрсе — олардың көп сөйлемейтіндігі.  Мұнда дөрекі сөйлеуге, дауыс көтеруге болмайды. Бәрі ақырын сөйлейді, бір-бірінің жеке өмір шегіне қол сұқпайды. Бұл жерде айтқан сөзіңе бола, адамдар соттап жібере алады. Сондықтан адамар бір нәрсені айтпас бұрын, он рет ойланады. Мен білетін ұлттар арасында британдықтар осымен ерекшеленеді. Олар егер нақты сенімділігі болмаса, сізге ештеңе уәде етпейді. Мысалы, менің күйеуім мен үшін бір нәрсе істей алатындығына толық сенімді болмаса, уәде бермейді. Себебі олар міндетті түрде айтқанын орындайды, екі сөйлемейді. 

Маған бұл қасиет өте ұнайды. Бұған үйренісу қиындау болды, себебі мен өз басым көп сөйлейтін адаммын. Осы жерде жеті жыл ішінде күйеуім маған әрдайым айтқан сөзіңе абай бол деп ескертіп отырады. Мысалы, дүкенде сатушы ақшаңды дұрыс есептемесе, «Неге мені алдап кеттің» дегендей дауласып,  оған дауыс көтеруге, ұрысуға мүлдем болмайды. Егер дауласатын болсаң, күзетші келіп, сені орнына қояды. Британдықтар дауыс көтеріп сөйлеу жайлы ойламайды да. Солай сияқты қоғамдық орындарында: ауруханада, мейрамханада және т.б. жерлерде де осы қағиданы сақтайды.

 – Ағылшындарды расымен де ауа райы қызықтыра ма?

 – Ағылшындарды шынымен де ауа райы алаңдатады, қызықтырады. Себебі көп нәрсе ауа райына байланысты. Мұнда бір күнде ауа райы түрліше құбылады. Ағылшындар таңертең тұра сала, ауа райын қарайды. Осыған қатысты әзілдері де көп.

 – Ағылшыдар балаларын қалай тәрбиелейді? Олардың қандай ерекше дағдылары бар? Ал сіздің отбасыңызда бала тәрбиесінде ұстанатын қағидаңыз бар ма?

 – Әрине, бұл жерде барлығы бірдей нақты бір қағида ұстайды деп айта алмаймыз.

Мәселен, ағылшындарда «чавстар» деген топ өкілдері бар. Олар еш жерде жұмыс істемейді, бала туып, соған берілетін жәрдемақыға өмір сүре береді. Бала да тәрбиелеп жарытпайды.

Ал мен бағалап айта алатын адамдар білімді, орта таптан сәл жоғары буын өкілдері. Бұл жерде бала туған кезде отбасының бар мән-мағынасына айналып кетпейді. Адамдар қалай өмір сүрді, ары қарай да солай сүре береді. Бала олар үшін — отбасының бір маңызды мүшесі.

Ұлым туылмай тұрып төрт жыл бойы қалыптасқан күйеуім екеуміздің күнделікті өмір салтымыз болды. Таңертең сағат 7-де тұрып таңғы ас ішеміз, одан кейін мен үй шаруаларын бітіріп, спорт залға барамын, содан соң түскі асқа күйеуім келеді, түскі астан кейін мен басқа да шаруаларыммен айналысамын, дүкен аралап, курсқа қатысуым мүмкін. Ал ұлым туған соң оны біздің өмір сүру кестемізге сәйкестендіруге тырыстық. 3 айлық кезінен бастап оған жеке кесте жасап бердік. Ол біз тұрған уақытта тұрып, сағат 7-де ұйықтайды. Демек бала отбасының қағидаларына, ережелеріне үйренеді. Қазір ол маған шамасы келгенше көмектеседі. Үй жинағанда да, ұлымда көмек көрсету керектігін баса айтып тәрбиелеймін. Ол тіпті ойыншықтарын өзі жинайды. Ерте кезінен бастап оны отбасы мүшесі ретінде тәрбиелеп, оның да отбасының басқа мүшелері сияқты орындайтын талаптары бар екенін үйретеміз. 

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

 

stan.kz