БҚО-да мүгедек балаларды ұрып-соққан мұғалім сотталды — Қазақстан жаңалықтары

0

Оралда Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат-кешенінің дене шынықтыру пәні мұғалімі мүмкіндігі шектеулі балаларға күш қолданғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес, Орал қаласы прокуратурасы жүргізген талдау барысында мүмкіндігі шектеулі балаларды қинау дерегі анықталды.

Атап айтқанда, облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаты кешенінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі К. мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерді доппен ұрып-соғып, жүйелі түрде күш қолданған. Қала прокуратурасының бастамасымен Орал қаласы полиция басқармасының Абай бөлімі К-ге қатысты ҚР ҚК 110-бабы 1-бөлігі 2-тармағына (ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді. Алайда мүмкіндігі шектеулі балалардың заңды өкілдері мен ата-аналары тарапынан шағым түспеуіне және қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.

Қабылданған шешіммен прокуратура келіскен жоқ. Азамат К-ға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күші жойылып, сотқа қайта жолданды. Орал қалалық сотының үкімімен бұрынғы мұғалім ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігіне (кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытып, оны тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау немесе тиісінше орындамау) сәйкес айыпты деп танылып, ол 80 сағат көлемінде қоғамдық жұмысқа тартылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

stan.kz