БҚО-да мектеп оқушысының үстінен сотқа дейінгі шағым түскен — новости Казахстана

0

Батыс Қазақстанда қоқыс шығарумен айналысатын компания алтыншы сынып оқушысының үстінен сотқа дейінгі шағым түсірген деп жазады «Уральская неделяға» сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: Cкриншот

Фото: Cкриншот

Мичурино елді мекенінде тұратын оқушы қыз Диляра пошта арқылы коммуналдық қызметкерлерден сотқа дейінгі шағымды алған. Хатта жасөспірім 11 600 теңге көлеміндегі қарызды төлеуі керек екенін жазылды. Оған қоса, жасөспірім талапты орындамаған жағдайда, оны сотқа беретіні айтылған.

Диляраның туыстары оқиғаның анық-қанығын білу үшін бірден «Орал Таза Сервис» компаниясына жүгінген. Алайда, бұл жолы да олар қарызды төлеу жөнінде ескерту қағазын алып қайтады.

«Хатта Диляра 11 600 теңге көлеміндегі қарызды төлеуге тиіс екені жазылған. Менің немерем қарыз емесі анық нәрсе. Оған қоса, сотқа береміз дейді. Не үшін? Біз тіпті ол компанияның қызметін қолданбаймыз да ғой?! Қалай болғаны бұл?» , — дейді ашынған әжей.

«Орал Таза Сервис» шағымды Диляраның үстінен ғана емес, елді мекеннің басқа да тұрғындарының үстінен түсірген.

Жергілікті халық өздері қолданбайтын қызмет үшін не себепті қаржы төлеуі керектігін түсінбей әлек. Олардың айтуынша, әркімнің ауласында қоқысқа арналған котейнер бар. Онда тұрғындар қалдықтарды өртейді.

«Жиналған қоқысты арнайы трактор алып кетеді. Ол үшін біз әлгі «Орал Таза Сервис»-тен 400 теңгеге арнайы талон сатып аламыз. Мұндай жағдайда олардың енді басымызға қарызды түсіріп отырғаны мүлде орынсыз» , — деп ашу-ызасын жеткізді тұрғындар.

Оған қоса, компанияда cотқа дейінгі шағымның кәмелетке толмаған қыз үстінен түсуінде қателік орын алғанын мойындады. Алайда, қалған тұрғындар үшін шағым өзгеріссіз қалуда. Компания қоқыс шығарылса, демек қызмет көрсетілді дегенді білдіреді деуде.