Боқаев «Демпартия» жақтастарының қудаланғанына наразы

0

Ақтөбедегі КА-168/2 түрмесінде жазасын өтеп жатқан Макс Боқаев (2016 жылы Жер митингілерінен соң «жалған ақпарат таратты», «араздық қоздырды» деп бес жылға сотталған) Азаттыққа хабарласып, «Демократиялық партия» құрылтай съездіне қатыспақ болған белсенділерді қудалауға наразылығын білдірді.

– [Президент Қасым-Жомарт] Тоқаев пен [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаев билігі «Демократиялық партияны» құруға мүмкіндік бермесе, көшеге шығудан басқа амал қалмайды. Басқа жол қалдырмай тұр. Заңды жолдары бар, сол жолмен тіркетпесе, көшеге шығудан басқа жол қалдырмай тұр, – деп қысқа қайырды ол.

Боқаев Азаттық тілшісінің «бастамашыл топ жетекшісі саясаткер Жанболат Мамай Макс Боқаев «Демпартияға» кірді деп айтқан еді. Рас па?» деген сұрағына: «Көмектесемін деп айтқанмын» деп жауап берді.

19 ақпанда Алматыдағы баспасөз мәслихатында «Демпартия» құрғысы келетіндер жақтастарына қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Бастамашыл топ жетекшісі 31 жастағы Жанболат Мамай Алматыда 22 ақпанға жоспарланған құрылтай съезіне келмек болған ондаған адам кедергі салдарынан жолға шыға алмай қалғанын, кейбірін әкімшілік жазамен қамауға алынғанын айтқан. Ол «қысымнан кейін» 22 ақпанға жоспарланған құрылтай өтпейтінін, оның орнына «митингіге шығатындарын» жеткізген. «Демпартия» елде саяси реформа жасауды көздейді.

19 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев парламент дәлізінде журналистерге «ұсталғандар жайлы естімегенін» айтқан.

«Демпартия» құрғысы келетіндер кейінгі кезде жақтастарына қысым көбейгенін мәлімдеген. Мамай бас прокуратураға шағым түсіргенін, әлі жауап алмағанын айтқан.

Қазақстан заңына сай, жаңа партия құру үшін мың адам қатысқан құрылтай съезі өтуі тиіс. Ал партия тіркеу үшін кем дегенде 40 мың қол жинау керек.

Былтыр 26 желтоқсанда Мамай әділет министрлігінің бастамашыл топты тіркегенін, 22 ақпанда Алматыда құрылтай өткізетінін хабарлаған.

46 жастағы Макс Боқаев 2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін тағы бір атыраулық белсенді Талғат Аянмен бірге «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен бес жылға сотталған еді. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты.

Макс Боқаев болса «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін» мәлімдеген болатын. Оның денсаулығына қатысты бұрын да бірнеше мәрте мәселе көтерілгенімен, жазасын өтеу орыны оның халінің жақсы екенін айтумен келеді. Боқаевтың өзі мен туыстары бірнеше мәрте тұрғылықты мекенжайы бойынша Атырау қаласына ауыстыруды сұрағанымен құзырлы орын «орын жоқтығын» айтып, қанағаттандырмаған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз