Болат Назарбаевтың бәйбішесі қайтыс болды

0

Болат Назарбавтың әйелі Назарбаева Гүлжан қайтыс болды. Қаралы хабар жайлы «Айша» қоғамдық қорының жетекшісі Айша хажы Әбішкеліні Facebook парақшасында жазды.

– «Сұм ажал бүгін тағы да бір жақсы жанды ортамыздан жұлып әкетті… Ол – Назарбаева Гүлжан Әбішкеліні. Елбасымның туған бауыры Бөкеңнің бәйбішесі, ГН сапа белгісінің иесі Үшқоңыр баурайындағы Шамалған ауылында Шұбарат атты мейрамхана ашып, бүкіл ағайын ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған меймандарды қабақ шытпай қарсы алатын, бәрінің қас-қабағын айтпай танып, шамасынша айналасындағыларға көмек-жәрдем беретін сынық мінезді, сырбаз көңілді, кең пейілді абзал жан еді…», – деді ол.

Айша хажының сөзінше, бір де бір той, бір де бір жаназа, бір де бір шілдехана Гүлжан Әбішкелінінің берекелі қолдарымен жайнатылған ақ дастарханынсыз өтпеген.

– «Оның кең пейілі, бауырмал жүрегі, еріне, түскен жұртына, сүйікті қайын ағасы Нұр-Ағаға деген риясыз көңілі мөлдіреп тұратын… Бір дауысы шығып, ренжігенін көрмеген екенбіз… Әбіш ата мен Әлжан анамызды өз қолымен күтіп, мәпелеп, ақтық сапарға шығарып салған жан еді…

Ойламаған жерден үндемей ғана күліп жүре беретін, ешкімге сыр ашып, бейберекет дабырламайтын сабырлы, салиқалы, мәрт күйінде ауырғанын да білдірместен жұмысын жасай жүріп кете барды… Артында тұңғышындай еркелетіп, бетіне қарсы келіп көрмеген, тек қана үйге аман-сау оралуын сұраған жан жары Бөкең, сүйікті ұлы Нұрболы, қыздары, немерелері, келіндері, жиендері, оны қимай өзектерін өрт шалған замандастары, ел-жұрты, төркіні қалды…

Оның мейірімді, сымбатты, нұр шашқан сұлу жүзін енді көрмейтінімізге, ғажайып мейрамханасында үстел басында тәтті шәйінен енді іше алмайтынымызға сене алар емеспіз… Жүрегім өртеніп, Үшқоңырға ұшайын десем, карантин, тыйым, блок-бекет деп тағы өткізбей қоя ма деп тоқталдық…

Қайран, Гүлеке-ай! Сабырлы, сырбаз көнтерлі аруымыз-ай! Ертерек кетіп қалғаның қабырғамызды қақырата сөгіп кетті, ауылдағы жақындар мен отбасыңызға, тіпті, ауыр соққы болды-ау! Алдыңыз жарық нұр – жәннат, артыңыз қайырлы береке болсын! Жарқын бейнеңіз, жылы жүзіңіз Әбіш атамыз бен Әлжан анамыздың босағасын берік ұстап келген аяулы, пәк, асыл келіні ретінде жүрегімізге сақталады, бақұл болыңыз, хош болыңыз, Гүл Жан!!!», – деп жазды ол.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз