«Болашақ» – бағыты айқын бағдарлама

0

Іс-шараға Білім және ғылым ми­нистрі Е.Сағадиев, «Астана» халық­аралық қаржы орталығының басқару­шысы Қ.Келімбетов, Дүние­жүзілік банктің Қазақстандағы тұрақ­ты өкілі А.Браун, мемлекет­тік органдар­дың басшылары, дип­ломатиялық корпустың, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, «Болашақ» стипендиясы бойынша оқып келген түлектер қатысты.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Онда ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарының білім алуына арналған «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айнал­ғандығы атап өтілген. «Бүгінде бағ­дар­лама түлектері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен ірі жобаларды жүзе­ге асырып, зор жетістіктерге қол жет­кізуде. Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайында біздің алдымызға жаңа талаптар қойылуда. Сондықтан бола­шақтықтардың алған білімі мен білігі, әлемнің озық елдерінен алған өмір­лік және кәсіби тәжірибесі тиім­­ді пай­да­ла­нылуға тиіс», делінген құттықтауда.

Бағдарлама іске асырылып келе жатқан 25 жыл ішінде 13,2 мың стипендия тағайындалып, экономиканың басымдығы бар секторлары үшін жоғары білікті 10,4 мың маман даярланды. Қазіргі уақытта 1,2 мың стипендиат білім алып жатыр.

Кездесу барысында «Болашақ» халықаралық стипендиясын жүзеге асыру нәтижесі қорытындыланып, оны одан әрі жетілдіру жоспарлары талқыланды, үздік болашақ­тықтардың ой-пікірлері тыңдалды.

Форум аясында әлемдегі 33 ел­дің жетекші 190 университеті қа­тыс­­қан «International Education Fair» көр­­месі ұйымдастырылды. Оған Джордж Вашингтон универ­си­­теті­нің, Эдин­бург универси­теті­нің, Вюрц­бург-Швайн­фурт қол­дан­балы ғы­лым­дар универ­сите­тінің және басқа да оқу орындары­ның өкіл­­дері атсалысуда.

Рауан ҚАЙДАР, 

«Егемен Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз