Блок бекеттер әлі алынбайды – елорда әкімі 

0

Әкім қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер қашан жүре бастайтынын айтты. Республикада төтенше жағдай аяқталғанмен, облыстар мен қалаларда карантин сақталды

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов блок бекеттер мен қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

«Мамыр айының соңына дейін блок бекеттер алынбайды. Бұл мәселе қазір біздің бақылауымызда. Қосымша ақпаратты айдың соңында хабарлаймыз», — деді Көлгінов онлайн брифингте. 

Ол маусым айының басынан теміржол қатынасы жанданатынын еске салды. 

Сонымен қатар, әкім қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер қашан жүре бастайтынын айтты. 

«Бұл мәселе қазір күн тәртібінде тұр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты мамырдың соңына дейін іске қосылмайды. Егер ахуал әрі қарай да осылай тұрақты болса, маусымның басында ашамыз деп ойлаймын», — деді елорда басшысы. 

Айта кетсек, бүгінде Нұр-Сұлтанда барлығы 1 686 адамда коронавирус диагнозы расталды. 914 науқас жазылып шықты, бес адам қайтыс болды. 

Республикада төтенше жағдай аяқталғанмен, облыстар мен қалаларда карантин сақталды.



sputniknews.kz