Бірлігі жарасқан біртұтас қоғам

0

Мемлекеттік маңыз берілген сала

Жалпы, елімізде үкіметтік емес ұйымдарға баса мән беріліп, болашақта оларға бірқатар мемлекеттік функция­ларды беру мәселесі тегіннен-тегін қозғалып жүрген жоқ. Өйткені баяндамашылар атап өткендей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап үкіметтік емес ұйымдар Елбасының сенімді серігіне айналды. Азаматтық қоғамды дамытудың қазақстандық үлгісі қалыптасты.  Осының есебінен әлемдік озық тәжірибелер мен талаптарға сәйкес жаңғыруға, жетістіктерге бет алған азаматтардың жаңа буыны пайда болды. Елімізде Елбасының қатысуымен алғашқы Азаматтық форум өткен 2003 жылдан бері үкіметтік емес секторды дамытуға арналған ұзақмерзімді үш бағдарлама жүзеге асырылып, солардың нәтижесінде ұйымдардың өзі сапалық мәнге көше бастады. Бұл – Мемлекет басшысы қолдауының жемісі екендігі даусыз. Сонымен өңірлерден келген мыңнан аса делегат қатысқан жиындағы өзекті мәселелерді рет-ретімен баяндайық.   

Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі баяндамаларды тыңдап алған соң Елбасы үкіметтік емес ұйымдарды дамыту, олардың қоғамдағы рөлі жайындағы әңгімесін тереңнен қозғады.

Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бірлігін нығайту және елімізді орнықты дамыту жолында мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті.

– Осы форум үкіметтік емес секторға тың серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына жол ашуға тиіс. Бүгінгі кездесу барысында күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша нақты ұсыныстар айтылатынына сенімдімін, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті балалар үйлері мен «Аналар үйі» дағдарыс орта­лық­тарына қолдау көрсететін ұйымдардың жұмысына арнайы тоқталды. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін осы жұмысқа атсалысатын үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсетуге шақырды.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев арнайы санаттағы азаматтардың оңа­луына жәрдем беру, әлеуметтік кәсіпкер­лікті дамыту және әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларды іске асыру ісімен айналысып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға ризашылық білдірді.

Қазақстан Президенті еліміздің үкі­меттік емес секторын дамытудың бір­қатар нәтижелерін атап өтті.

– Үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоға­мы­мыздың маңызы бар барлық саласын қамтиды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы үкіметтік емес секторды әлеуметтік саясаттың басты бағыттарына тартудың маңыздылығын айтып, үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қаржыландыру ісінің ашық жүргізілуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

– Осы бағытта Үкіметке цифрландыру үдерісінің аясында Үкіметтік емес ұйымдарды тексерудің бірыңғай электронды реестрін құруды тапсырамын. Мұнда үкіметтік емес ұйымдар өз ер­кі­мен тіркеліп, тиісті материалдарын ор­наластыра алады. Бұл осы ұйымдардың рей­­тин­гін қалыптастырып, олардың қар­жы­­ландыру көзіне қол жеткізуіне мүм­кіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы азаматтық бақылау жүргізудің тиімді тетігін құру қажет екенін айтып, бұл ретте Қазақстанның Азаматтық альянсы басты рөл атқа­ра­тынын атап өтті.

– Үкіметтік емес ұйымдарға мем­ле­­кет­тік қызметтерді беру жөніндегі жұ­мыс­тарды жалғастырған жөн. Осы бағыт­тың аясында экология, әлеуметтік жұмыс, балалардың құқығын қорғау және басқа да салалар бойынша жобалар жүзеге асырылуы мүмкін. Үкімет пен Қоғамдық даму министрлігіне барлық айтылған ұсыныстарды мұқият зерттеп, оның іс жүзінде жүзеге асырылуын қарастыруды жүктеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара барысында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қоғамдық бақылауды бағалау және қам­тамасыз ету үдерісіне үкіметтік емес ұйымдардың белсенді атсалысуы керек екені айтылды. Осыған байланыс­ты Елбасы Үкіметке Азаматтық қо­ғам­ды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжы­рымдамасын әзірлеуді тапсырды.

– Жастар саясатын іске асыру ісінде үкіметтік емес сектордың рөлін күшейту қажет. 2019 жылдың Жастар жылы деп жарияланғанын ескеретін болсақ, бұл мәселе өте маңызды, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев еріктілер қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейту үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы осы қызмет түрінің сұранысқа ие екені ЭКСПО-2017 көрмесі мен XXVIII қысқы универсиаданың өткізілуі барысында анық көрінгенін атап өтті.

– Үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаж балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаның қалыптасуы жақсы үр­діс саналады. Инклюзивті қоғамды да­мыту – әлемдік тәжірибе және барлық да­мы­ған елдердің азаматтық қоғамы жү­зеге асыратын маңызды әлеуметтік міндет­тердің бірі, – деді Қазақстан Прези­денті.

Мемлекет басшысы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын одан әрі жүзеге асырып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты жа­ңа мақалада белгіленген басымдықтар аясында жұмыстарды бастаудың маңыз­ды­лығын атап өтті. Елбасы мұнда көр­сетілген бағыттар мен жобаларды іске асыру үдерісіне үкіметтік емес ұйым­дарды тарту қажеттігін айтты.

– Қалалардың, аудандардың әкімдері цифрлы технологияны қолдана отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша халыққа кедергісіз ашық кеңістік қызметін ұсыну жүйесін енгізуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті Үкі­метке Азаматтық форум барысында ай­тылған ұсыныстар негізінде нақты іс-қи­мыл жоспарын әзірлеуді және оған барлық мүдделі мемлекеттік органдардың атсалысуын қарастыруды тапсырды.

ҮЕҰ академиясы құрылады 

Шындығында, еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар саласы мемлекетпен бірге қалыптасып, дамып келеді. Сондықтан да, форумға жиналғандарды Елбасының саясатын толық қолдайтын, өз болашақтарын Қазақстанмен ғана байланыстырып, елдің ертеңіне үмітпен қарайтын белсенді азаматтар десек, артық болмас.

Форумда сөз алған Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуын­ша, биыл жиынға қатысушылардың саны бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткен. Бұл – тек жалаң цифр емес. Үкі­мет пен үкіметтік емес ұйымдардың бір­лескен жұмыстарының нәтижесінде өза­ра сенім қалыптасып, ынтымақ артып ке­леді. Әрине, оның қаржылық жағы да бар. 

– Қазір үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру  14 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Оның ішінде қаржының үштен бірі – әлеуметтік жобаларға, төр­тінші бөлігі – білім саласындағы мақсат­тарды іске асыруға, жастар саясатын жүргізуге, бесінші бөлігі – азамат­тық қоғамның қалыптасуына және аза­маттардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қоғамдық келісімді нығайтуға бөлінуде. Осындай жолмен үкіметтік емес ұйымдар саласы инсти­ту­ционалдық тұрғыда қалыптасты. Олар­дың ел дамуындағы рөлі артып келеді. Елбасының азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған бағдарламалары табысты жүзеге асырылуда. Үкіметтік емес ұйымдар өз әрекеттерін жүзеге асыру барысында Елбасы бағдарламаларын, Жол­дауларын басшылыққа алуда, – деді Д.Кә­летаев. 

Қоғамдық даму министрі осы орайда үкіметтік емес ұйым өкілдері екі күн­дік форумда талқылаған, талдаған, ор­тақ шешімге келген ұсыныстарды да жеткізді. Оның алғашқысы қоғамдағы рөлін толық түйсінген ұйымдардың тек грант алушы мәртебесінен арылғылары келетіндігінде болып отыр. 

Ұйым өкілдерінің бірқатар ұсынысы саладағы тәртіп пен есептілікті қа­лып­­­тас­тыруға арналды. Мәселен, қазіргі уа­қытта үкіметтік емес ұйымдар­дың ста­­­тис­­тикасын үш құрылым – Әділет, Қар­­жы және Қоғамдық даму министр­­лік­­­тері жүргізуде. Әрине бұдан өзге үкі­мет­­­тік емес ұйымдарға тән ортақ қиын­дық­­­­­тар мен ішкі мәселелері де кеңі­нен тал­­­қы­­­лан­ды. Сонымен қатар есепте тұр­ғаны­­мен жұмыс істемейтін ұйымдар­ды бан­крот тәсілімен жабу туралы ойлар айтылды. 

Сонымен қатар ҮЕҰ қаржыландыруды төмен баға ұсыну қағидасынан арылып, сапалы қызмет ұсынушыларға басымдық беру, тендерлік демпингтердің алдын алу, ұйымдарды салықтық және қаржылық жағынан ынталандыру, ұйымдарды қолдайтын кәсіпкерлердің рөлін арттыру, әлеуметтік ұйымдарға шағын несие беру және басқа мәселелер кеңінен көтерілді.  

Ең басты міндеттердің бірі – «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ізімен немесе жолымен Азаматтық альянс­­тың мәртебесін көтеру. Сонда ғана бір шаңырақтың астына көптеген ұйым­дар­­ды біріктіре отырып, салада ашық­­тық­ты, жариялылықты, әділдікті, қара­­жат көз­деріне қолжетімділікті қалыптас­тыруға болады.    

Онымен қоса болашақта ҮЕҰ академиясын құрып, жоғарыда аталған идея­лар мен міндеттерді шешкеннен соң ғана үкіметтік емес ұйымдарға мемле­кеттік қызметтердің бірқатарын жүктеу көзделген.  

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер халық, оның ішінде азаматтық қоғам тарапынан зор қолдау тауып отыр. Бұл мақала халқымыздың рухын көтеріп, сана-сезімін жаңғыртудың ұлы бастамасы. Елбасы айтқандай, «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі». Осы маңызды іс-шаралардың басында белсенді қоғам өкілдері тұруы қажет деп санаймын. Бүгінгі форумның да негізгі мақсаты – осы, – деді Қоғамдық даму министрі.  

Міне, Астананың төрінде өткен се­гі­зінші форум осындай күрмеуі қиын мә­се­лелерді шеше отырып, қоғамның сана-сезімін жаңғыртудың бастамасына айналды.

Мұндай салалық және терең ойлар «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы Асылбек Қожахметовтің баяндамасында да айтылды. 

Қоғам дертінің дәрігерлері

Елбасының алдында сөз алғандардың барлығы дерлік өз саласында маманданып, кемелденіп, азаматтық қоғамды дамытуда аянбай тер төгіп жүрген отандастарымыз болды. Әрине, тек қарақан басының қамын ғана емес, қолына тиген аз-кем қаражатты елдің кәдесіне, игілігіне жаратып жүрген белсенділердің ісі көпке үлгі.

Айталық, Елбасының биылғы Жол­дауында көрсетілген «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға қазірдің өзінде бел шешіп кірісіп кеткен Алматы облы­сындағы «Еңбекшіқазақ аудандық жергілікті қауымдастықтар» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева ауылдастарының еңсесі мен рухын көтеруге арналған шаруаларының жайын таныстырды. 

– «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдардың да ерек­ше орны бар екендігін айтқым келеді. Бүгін Үкімет ауылдардағы үкімет­тік емес ұйымдарға бет бұрды. Жақын­да үлкен форум өткізілді. Оның ішінде осы ұйымдардан коалиция жасақталып, ол өз жұмысын бастап кетті. Ауыл­да еңбекқор, тәжірибелі азаматтар жеткі­лікті. Бірақ оларға жаңа технология­ларды үйренуге, жаңа бизнес дағдылар­ды қалыптастыруға, өзінің қаржылық сауат­тылығын арттыруға орта қалыптастыру керек деп есептеймін. Сол арқылы бәрінің мүмкіндіктерін көтеруіміз қажет. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыруға ауылдық ұйымдар дайын, – деді Б.Елшібаева. 

Ал бизнестің әлеуметтік жобасы жа­йында ұсыныстарын ортаға салған «BI Group» компаниясы директорлар кеңе­сінің төрағасы Айдын Рахымбаев елдегі жетім балалардың тағдыры, зәбір көр­ген аналардың ахуалы жайында ұсыныстарын ортаға салды. 

– Мемлекет тарапынан жетімдер са­нын азайту бағытында көптеген жұ­мыс атқарылуда. Алайда, бұл жерде тек қана мемлекеттің күші жетіспейді. Сондықтан осыдан бес жылдай бұрын бір топ кәсіпкер бірігіп қиындыққа тап болған жас аналарды қолдау мақсатында «Аналар үйі» жобасын бастап кеттік.  Нәтижесі көп күттірген жоқ! Осы жобаны бастар алдында, Сіз – Нұрсұлтан Әбішұлы, «Аналар үйі» жобасына қолдау білдіріп, ерекше мәртебе берген едіңіз, – деген А.Рахымбаев жобаға байланысты нәтижелерін айтып берді. 

Оны мәлімдеуінше жоба қолға алынған тұста еліміздегі жетім балалар үйінде тәрбиеленушілер саны 11 мыңнан асатын болса, қазір бұл сан екі есеге қысқарған. Оған қоса балаларынан бас тартушылар саны 70 пайызға кеміген. Еліміздің 19 қаласында ашылған 25 «Аналар үйінің» арқасында 3600 жас ана баласынан ажырамай, шағын отбасыларын сақтап қалған. Сонымен қатар балалар үйінің 800 тәрбиеленушісі жаңа отбасы тапқан. 

Осы деректерді айта келе, белгілі кә­сіп­кер Мемлекет басшысынан елімізде мемлекеттік емес бала асырап алу Ұлттық агенттігін құруға қолдау көрсетуді сұрады. Оның шығындарын кәсіпкерлердің өздері көтермек. Оған қоса еліміздегі тәрбие әдістемесі көнерген балалар үйлерін реформалау жөніндегі ұсынысын ортаға тастады. 

Жиында сондай-ақ Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі үйлестіру кеңе­сінің хатшысы Сәуле Мектепбаева құқық қорғаушылардың араласуымен жүзеге асырылған жазасын өтеушілердің санын азайту жобасының нәтижелерімен таныс­тырды. 

Сондай-ақ Астанада жақында ғана құ­рылған «I Komek» мониторинг және шұ­ғыл әрекет ету орталығының жетек­шісі Жанат Дүбірованың елорда тұрғын­дары­ның тұрмысын жеңілдетуге арналған жо­ба жайындағы әңгімесі қызықты шықты. 

Сонымен қатар «GreenTAL» әлеу­мет­тік шеберханасының жетекшісі Эмин Әскеровтің бастамаларына, минис­тр­лік­тердің бірінде қызметте жүрген шағында жол апатына түсіп, арбаға таңылған ақтөбелік Шахан Жолдасбаев есімді жас жігіттің өрлігі мен ерлігі, мүгедектердің тұрмысын жеңілдету, оның ішінде пандустар салуға бейімделген әлеуметтік кәсіпкерлікті қолға алған берекелі ісіне форум қатысушылары ризалық танытты. 

Жалпы, форум аясында екі күн бойы семинарлар, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, ми­нистрліктер мен ведомстволар бас­шы­лары­мен салалық кездесулер форматын­да­ғы тақырыптық сессиялар 35 алаңда өтіп, жиынға қатысушылар құнды мәлі­мет­терге қанықты, ой бөлісті, пікір алмасты. 

Форум соңында еліміздегі азаматтық қоғамның құрылуына және дамуына баға жетпес үлес қосқан қазақстандық ҮЕҰ, қоғамдық кеңестер мен қоғам қайрат­кер­лерінің жетістіктерін қоғамдық тануды білдіретін «Таным-2018» сыйлығының 17 аталымы бойынша жеңімпаздардың есімдері аталып, жүзден жүйрік шық­қандарға сыйлықтар табыс етілді.

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ, Ауған соғысы ардагерлерінің «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы  (Ақтөбе облысы):

– Елбасының Аза­мат­тық форумға қатысып, біздің бағыт-бағдары­мызды айқындайтын жол көрсетуін үкіметтік емес ұйымдар үшін үлкен мәртебе деп есептеймін. Мем­лекет басшысының елімізде жетім балалар болмауы ке­рек, жастарға жан-жақты қолдау көрсету керек деген тапсырмалары ерекше көңілімнен шықты. Өйт­кені өзім басқаратын «Ер Бақыт» спорттық-пат­риот­тық клубы да ұзақ жылдардан бері жастар арасын­да спорттық жарыстар өткізіп, әлеуметтік қол­дауға мұқтаж балаларға көмек көрсетіп келеді. Міне, енді Елбасының тапсырмаларынан кейін бұл жұ­мыстардың деңгейін көтере түсеміз. Біз – үкіметтік емес ұйымдар қашанда елмен, Елбасымен біргеміз!

Әділхан ӘБДЕШЕВ, «Өгем» қоғамдық бірлестігінің төрағасы (Түркістан облысы):

– Біз Елбасының тапсырмаларын орындауға бүгіннен бастап кірісеміз. Әсіресе мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен бір­лесе жұмыс істеуі алдағы уақытта жандана түспек. Екі күндік форумда қоғам дамуына қатысты аса маңызды мәселелер талқыға түсті. Соның ішінде біздің саламыз – эко­туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғауға байл­анысты көптеген келелі әңгіме айтылды. Қатысушылармен өзара пікір алмасып, бірқатар мәселені талқыладық. Мемлекет басшысы да өз сөзінде өзекті мәселелерді қозғап, бағыт-бағдар көрсетті. Енді осы салаларда Елбасының тапсырмаларынан соң оң өзгерістер болатындығына сенімдімін.

Татьяна МАГРУПОВА, «Жастар дауысы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы (Қарағанды облысы):

– Мен Елбасымен өткен кездесуден өте жақ­сы әсермен шығып отырмын. Өйткені Азаматтық форум аясында екі күн бойы жастарды қолдау, жастарға көмектесу мәсе­лелерін барынша талқылаған едік. Елбасы да өз сөзінде осы мәселелерге байланысты Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Біз өз тарапымыздан елдегі жастарды көтермелеуде мемлекеттік органдармен бірлесе күш сала береміз. Біздің ұйым жастардың бастамаларын, оның ішінде есірткіге қарсы насихат, жұмысшы мамандықтарын дәріптеуді қолға алған еді. Енді осы форумнан қанаттанып шыққаннан соң жұмыс қарқынын арттыра түсеміз. Жастар жылы мемлекеттік органдармен бірлесе атқаратын жұмыстар көп боларына сенімдімін.   

Алмагүл СӘЛІМБАЕВА, «BI-Жұлдызай» корпоративтік қоры директорының орынбасары (Астана қаласы): 

– Жалпы, форумда өзекті мәселелер қоз­ғал­ды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпы оты­рысқа қатысуы форум­­ның беделін көтерді. Ел­басының Үкіметке бер­ген тапсырмаларын бірлесе орындауға дайынбыз. Біздің 13 жылдан бергі ұс­танған бағытымыз – мү­гедек балаларға қолдау көрсету. Сол балалар үшін жыл сайын фестиваль, спартакиада өткізіп келе­міз. Қазіргі уақытта еліміздің аймақтарында бала­ларды оңалту орталықтарын ашудамыз. Ол үшін «BI Group» компаниясының 3500 жұмысшысы өз жала­қы­ларынан ай сайын біздің қорымызға қаражат ау­дарып отырады. Осының нәтижесінде жиналған қаражатты жарымжан сәбилерді оңалтуға жұмсап келеміз. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз