Бірінші сыныпқа баратын балалар қалай оқиды?

0

Жақында ғана мектеп табалдырығын аттайтын балдырғандардың «Әліппемен» қайта қауышатынын жазып, сүйіншілеген едік. Бірақ сол сәтте көңілде алаң басым болды. Себебі биыл 1-сыныпқа баратын балалардың біразы «бар ғылымға бас болған» оқулықпен қауышса да, мектеп табалдырығын аттамауы мүмкін. Бұған да пандемия себеп болып отыр. Ал өзі әріп танымайтын бала басқа оқулықтарды былай қойғанда, «әліппені» қашықтан қалай оқиды? Осы бір көкейкесті сұрақ ата-анаға да, биыл 1-сыныпты қабылдайтын бастауыш сынып мұғалімдеріне де уайым болып тұр.

Алдағы жаңа оқу жылында баласы 1-сыныпқа баратын ата-аналардың бірі қызылордалық Гүлнұр Бүркітбаева: «Мен қашықтан оқытуға қарсымын. Баламның мектеп табалдырығында білім алып, қолына қалам ұстағанын қалаймын. Мектептің аурасын, ұстаздың мысын, партаға отырудың әсерін сезінуі қажет. Қызым 1-ші сыныпқа, ұлым 2-сыныпқа барады. Оқу жылының алғашқы 1 айын мектепте оқыса да, бір жолын табуымыз керек қой. Ең құрығанда ертеңгі күніне сенімі оянады, «Карантин бітсе, өз партама отырамын» деп асығады. Үйде оқытатын біз де оларға «Өз мектебіңе барасың, мұғалімің сені сағынып қалды» деп дем беріп отырамыз. Ұстазы мен білім ұясы оның қиялында болмауы тиіс», деп жазды.

Жаны бар сөз. Бұл – көптеген ата-анаға ортақ ой. Негізі ата-аналар тарапынан (әсіресе бастауыш сынып оқушыларын) қашықтан оқытуға қарсылықтың екінші жа­ғы да бар. Мұнда баланың бола­шағы ғана түбегейлі шешімге себеп болып отырған жоқ. Айта­лық, балаларға білім беру үшін маман­дар арнайы кәсіби даярланып, сол еңбегіне жалақы алады. Өйткені бала оқыту дегеніңіз – үлкен жұмыс. Ал өзі таң бозынан күн ұясына батқанша жұмыс істейтін ата-ана осы бір «үлкен жұмыспен» айналысу үшін күнкөріс қамымен жүрген қызметін тас­тауы керек пе, әлде екінші жұмыстың жүгін арқалауы қажет пе? Міне, осы тұста таң­дау жоғарыдағы қарсылыққа әке­леді. Көбіне-көп қашықтан оқытуды қолдап отырған ата-аналардың өздері мұғалім екеніне осы мақаланы жазу барысында жүргізілген журналистік сауалдамада көз жеткіздік. Сұрағымызға Шымкент қаласынан жауап берген мұғалім әрі ата-ана Асан Ергешев: «Мен ұлымды мектепке жібермеймін. Өзім үйде оқы­тамын. Қазірден оқытуды бастап кеттім, жағдай әбден реттеліп, індеттің беті қайтқанда ғана ба­лам­ды мектепке жіберемін. Пер­зенттеріміздің амандығынан ар­тық ештеңе жоқ», дейді. Иә, А.Ергешев секілді мұғалім ата-ана­­лар түсінеді, өйткені өзі оқыта ала­ды. Ал мұғалімдік маман­дық­тан мүлде хабарсыз ата-аналар қайтпек? Олар мұғалімді алмас­тыра алмайтынын біледі, соған алаңдап баласын мектепке жібе­реді. Сонда 6 адамнан артық шо­ғыр­ланбауды ескертіп отырған жағ­дайда дәстүрлі оқыту қалай жүргізіледі?

Екіжақты пікір – екіжақты шешім

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай ахуал қалыптасқанда екіжақты пікір ескерілген ұсынысын айтқан еді. Аталған ұсыныста бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарына ерік берілген, яғни олар баласының мектепте немесе үй­де оқитынын өздері шешеді. Мәселен, ата-ана баласының қан­дай жағдай болсын мектепте білім алғанын қаласа, онда мектепте ке­зек­ші сыныптар ашылады. Мұндай жағдайда мұғалімдерге қиын болмақ. Бір сыныптағы 20 оқушының жартысы қашықтан, жартысы мектепте оқиды делік. Сонда мұғалім екі ауысымда жұмыс істей ме? Бұл туралы министрлік: «Қазір осы жағдай жөнінде мектеп директорларымен арнайы әдістемелік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұғалімдердің жалақысы оқу сағаты бойынша есептеледі. Осы мәселе толы­ғымен қарастырылған, яғни «Са­ғат қалай есептеледі? Кім қашан оқытады? Кезекші сыныптар қалай топтастырылады?» деген секілді сұрақтарға жауап беретін нұсқаулық енгізіледі. Барлық жұмыс сол құжаттың негізінде іске асырылады», деп мәлімдеді.

Педагогтер мұндай тосын жағдайға дайын ба? Иә, өткен «төтенше» тоқсанда алдыңғы тоқсандардағы тақырыптарды қайталау басым болғандықтан, лаждап бітірді. Ал мектеп, мұға­лім, сынып, оқу деген ұғым ойында әлі қалыптаспаған баланы қашықтан қалай оқытады? Бұл сұраққа: «Балаларымыз мектеп­алды даярлық топтарында білім алып, партада отырып, мұғалімді тыңдап, әріп пен цифрды танып көрді ғой. Байбалам сала берудің қажеті жоқ. 1-тоқсанды көптеп-көмектеп қашықтан оқытуға болады», деп жауап берген ата-аналар бар. Осы ойға педагогтің бейнесі, оқу, үйрену ұғымдары қалыптасқан, «балабақша көрген» балаларды да оқытуға болады деп қосып қоюға болады-ақ. Алайда «төтенше» тоқсанмен аяқталған оқу жылындағы мектепалды даярлық сыныбын және бірде ашылып, бірде жабылып қалып жұмыс істеген балабақшалардың ересек топтарын бітірген балалардың биыл 1-сыныпқа қабылданатынын ескеру керек. Сондықтан дәл биыл қабылданатын 1-сынып оқушы­ларын қашықтан оқыту – осы бір лектің болашағына алаң­датады. Өйткені бастауыш білім – барлық білім беру жүйесінің ірге­тасы. Ал үйдің берік болмағы ірге­тасынан.

1

Ойдан ой туады

Жоғарыдағы ойдың екінші жағын қарасақ, бұған да уәж табылады. Уәжді тек кәсіби мамандар ғана айта алады. Сондай маманның бірі, Қызылорда облысының білім беру саласында көп жылдық еңбек өтілі бар бастауыш сынып мұғалімі Гүлзира Қартаңбаева: «Бала денсаулығы бәрінен маңызды. Сондықтан мына жағдайда қа­шықтан оқытқан қауіпсіз. Ата-анаға салмақ түсері анық. Ата-ана баламен көбірек жұмыс істесе, бірлесе отырып еңбек етсе, сауаттандыруға болады. Тәжі­рибемде денсаулығына байланысты әліппені аяқтап, ана тілін бастап жатқанда оқу әрекетіне қосылған оқушы болды. Сол оқушы да үлгеріп, қатарластарына ілесіп кетті. Қазіргі таңда әлгі шәкіртім – ақын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бала денсаулығына қауіп төндірмей уақытша қашықтан оқыта тұрсақ, қалыпты жағдайға түскенде мектепте қалып кеткен дүниелерді әрі қарай алып кетуге болады», дейді. Осы тектес тәжірибе көбі­мізге таныс болар, себебі туыста­рымыз немесе бірге оқыған сы­ныптастарымыздың арасында да денсаулығы сыр беріп, са­бақтан біраз уақытқа қалып қой­ғанымен, қатарластарынан қал­май, кейін тіпті білім биігінен кө­рінгендер қаншама! Сол се­беп­ті ұстаздың уәжі құлақ қою­ға тұрарлық.

Дегенмен екінші тараптың талабын орындау жайы тағы бар. Білімді басты орынға қойған әрі баласының болашағына алаң­дайтын ата-аналардың талабы қана­ғаттандырылып, балалары мек­тепке барып оқиды дейік. Бі­рақ уайымның көкесі де осы емес пе? Себебі ересектердің өзі­не медициналық бетперде киюді, қарапайым арақашықтық сақтау­ды үйрете алмай отырғанда әдетте бір-бірінің тәттісін бөліп жейтін, бір-бірімен алысып ойнайтын, бір құтыдан су ішуді қалыпты қа­был­дайтын балалардың санитария талаптарын сақтайтынына сенім жоқ.

Қалай болғанда да таңдауды жасап тұрған ата-ана болған соң, жауапкершілік жүгі де соларда екені анықтала түскендей. Ал жауапкершілігі бұрынғыдан екі есе ауырлаған мұғалімдерге өзінің ішкі өлшеміндегі мәртебесінің жоғары екенін көрсететін, өздері қалаған биіктіктен бой көрсететін, қандай жағдайда да сапалы білім бере алатынын дәлелдейтін уақыт жеткен сияқты. Бастысы, білімнің баспалдағы білімсіздіктен басталмаса игі…

© egemen.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз