Бір топ бақылаушы сайлауды заңсыз деп тануды сұрады

0

Қазақстанда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауы кезінде «учаскелерде заң бұзылды», «бақылаушылардың және ресми сайлау комисиясының хаттамаларындағы мәліметтер сәйкес келмеді» деп санайтын белсенділер Алматыда жиын ұйымдастырды. Олар сайлау құжаттарын бұрмалаған және дауыстарды дұрыс есептемеген адамдарды қылмыстық жауапқа тартуды талап етіп, прокуратураға шағым дайындаған.

Маусымның 14-і күні Алматының Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының баспасөз жиыны өтетін залы лық толды. Шамамен 30-ға жуық адамның басым көпшілігі бақылаушылар болып шықты. Олар жиынды ұйымдастырған «Сотталғандар құқығын қорғау жөніндегі коалиция» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан сайлауға қатысқан бақылаушыларды тыңдап, пікір алмасуға келген.

Заңгер Серік Әбішев жиынды 1995 жылы қабылданған «Сайлау туралы» заңның «тиімсіз екенінен» бастады.

— Бақылаушыларға ерекше рөл берілуі керек деп ойлаймын. «Сайлау туралы» заңның 20-бабында бақылаушылардың міндеті көрсетілген. Алайда сайлау жарияланған күннен бастап кандидаттың құжат тапсыруы, декларация өткізу мен мемлекеттік тіл емтиханы кезінде де бақылаушы болу керек деп есептеймін, — деді Серік Әбішев.

Алматы қаласы бойынша 320 байқаушы қатысқан бұл топтың мүшелері – әлеуметтік желіге тараған сиясы өшіп қалатын қалам туралы видеоны түсіргендер.

— Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Қайназар ауылында болған бұл фактіге (дауыс санау кезінде сиясы өшірілетін қалам пайдалану – ред.) байланысты полиция шақыртық. Бұл қаламды сайлау учаскесінің бір қызметкері жақын маңдағы дүкендерден сатып алғаны анықталды. Полицейлермен барып сол жақтан тағы үш қалам таптық. Хаттама толтырып, қаламдарды сараптамаға алып кетті, — дейді Серік Әбішев.

Қарай отырыңыз: Жазуды өшіретін қаламсап, алдын ала белгіленген бюллетень (9 маусым 2019 жыл).

Алайда жиынға қатысқан «Аманат» бақылаушылар тобының кейбір мүшесі бұл мәлімдемелерге наразылығын білдірді.

— Бюллетеньдерді жәшікке топтап тастағанда ол [президенттікке кандидат Әміржан] Қосанов үшін де тастауы мүмкін, [Қасым-Жомарт] Тоқаев үшін де тастауы мүмкін, сондықтан мұны анықтау қажет. Ал сияға қатысты айтқандары мүлдем уәж емес, өйткені оны бақылаушының өзі алып кіріп, кабинканың ішінде ауыстыруы да мүмкін, — деді өзін Қазбек деп таныстырған азамат. Аты-жөнін толық айтпады.

Жәшікте жатқан топтап салынған бюллетень. Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі түсірген. 9 маусым 2019 жыл.

Жәшікте жатқан топтап салынған бюллетень. Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі түсірген. 9 маусым 2019 жыл.

Бақылаушылардың бірі Тимур Почанов Бостандық ауданындағы 256-сайлау учаскесінің төрағасын қылмыстық жауапқа тартуды сұрағалы отырғандарын айтты. Олар бұл адамның үстінен Орталық сайлау комиссиясы мен Алматы қаласының прокуратурасына арыз жазған.

Видеода комиссия төрағасы сайлау қорытындысын оқып тұр. Қосановқа – 291, ал Тоқаевқа – 392 адам дауыс бергені айтылады. Осыдан кейін олар кабинеттеріне кетіп, арада үш сағат өткеннен кейін ғана бізге қорытынды хаттаманы берді. Онда Қосановқа – 238, ал Тоқаевқа – 460 адам дауыс берді деп тұр, — деді Почанов.

Оның сөзінше, Алматының 554 сайлау уческесінде 320 бақылаушы жұмыс істегенімен, қазірге дейін тек 208 учаске бойынша ғана хаттама ала алған. Осы 208 учаскедегі хаттама бойынша кандидат Қосановқа — 72 315, ал кандидат Тоқаевқа 86 723 адам дауыс берген. Ал аумақтық сайлау комиссиясының хаттамасында Қосановқа — 50366, Тоқаевқа 392167 адам дауыс бергені көрсетілген.

— Яғни аумақтық сайлау комиссиясының көрсеткіші біздің 208 учаскедегі көрсеткіштен де аз болып тұр. Сондықтан мен Қазақстанның азаматы ретінде бұл сайлауды заңсыз, мұндай заңсыздықтармен сайланған президент Тоқаевты заңсыз президент деп тануды талап етемін! Сонымен бірге бас прокуратурадан сайлау құжаттарын бұрмалаған және дауыстарды дұрыс есептемеген адамдарды қылмыстық жауапқа тартып, төрт жылға соттауды талап етемін! — деді Почанов.

Бақылаушылар өздері көрген заңсыздықтардың барлығын сараптаған соң ортақ мәлімдеме жасаулары мүмкін екенін айтты. Азаттық ықтимал заңбұзушылықтар туралы сұрамақ болып, аймақтық комиссия мен орталық сайлау комиссиясына хабарласқанымен, жауап ала алмады. Азаттық тілшісі түстен кейін Алматыдағы аймақтық комиссия отырған ғимаратқа барғанымен, есігі жабық болды. Орталық сайлау комиссиясы телефонын көтермеді.

Азаттық тәуелсіз бақылаушылардың мәлімдемесіне қатысты орталық сайлау комиссиясына ресми сауал жолдады.

Сәрсенбіде Euronews телеарнасына берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 9-ындағы сайлаудың «әділ өткенін» айтқан.

«Әрине, олар (сайлау әділ емес деп наразылыққа шыққандар – ред.) босатылады. Олар «сайлау әділ өтпеді» деп ойлайды. Ал менің ойымша, сайлау жалпы әділ өтті» деген Қазақстан президенті.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай билеген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіп шыққан.

Қарай отырыңыз: Сайлау қалай өтті? (12 маусым 2019 жыл).

Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша «Ұлт тағдырынан» кандидат болған Қосановқа 16,23 пайыз адам дауыс берген. Қосанов дүйсенбіге қараған түні экзит-полл қорытындысы шыққан соң іле-шала Тоқаевтың «қоғаммен диалог жүргізіп, өзгеше ойлайтындарға, әсіресе жастардың балама пікіріне төзіммен қарауға тағы да ниет танытып отырғанын» айтып, оны «жеңісімен» құттықтаған еді.

Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, учаскелік сайлау комиссиясы хаттамаларын мазмұнын өзгертіп қайта жазу, «карусель» сияқты заңбұзушылықтар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Заңбұзушылықтардың бірқатарын сайлауға ерікті түрде бақылаушы боп қатысқан азаматтар анықтады. Маусымның 9-ы күні кешке бас прокуратура сайлау күні 19 заңбұзушылық фактісі тіркелгенін хабарлады. Бірақ хаттамаларды қайта жазу оқиғаларына байланысты түсініктеме бермеді.

Елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан кезде Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. Шымкентте жиырмаға жуық адам ұсталды. Маусымның 10-ы күні сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жүзден астам адамды ұстап әкетті. Полиция бөлімшелерінде көшпелі сот өтіп, жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылды. Уақытша қамау орындары толып кеткендіктен олардың бір бөлігі көрші аудандарға жеткізілді.

Azattyq